Елімізде ҰБТ электронды форматқа көшіріледі

16.08.2019 18:52

Бұл қадам грантты әділ бөлу үшін керек

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды форматта өткізу жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"ҰБТ өткізу процедурасын өзгертуді жоспарлап отырмыз. ҰБТ кезінде оқушылар алдауға жол береді - телефондарын алып өтеді, өз біліміне сеніп, көбірек балл алуды ойламайды. Басқа факторлардың көмегімен жақсы тапсырып шыққысы келеді. Сондықтан біз ақырындап ҰБТ-ны электронды форматта тапсыртуды жоспарлап отырмыз. Бізге ҰБТ-ның грант берілу кезінде шынайылық пен әділдікке кепіл болғаны керек", - деді министр Нұр-Сұлтанда өткен Тамыз конференциясы барысында.

Айта кетейік, Тамыз конференциясына Қазақстанның 2000-нан астам мұғалімі қатысты. Президент конференция барысында мұғалімдердің жалақысын екі есеге арттыруды тапсырды.

"Мұғалімдердің жалақысы төмен және экономика бойынша орташа жалақының 65 пайызын құрайды. Үкіметке мұғалімдердің жалақысын төрт жыл ішінде екі есеге арттыруды тапсырамын", - деді Президент.