Алматыда 266 мың бала лагерьде демалады

Almaty.tv
Almaty.tv
Елімізде бағыты түрлі 10 мыңнан астам лагерь жұмысын бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл елімізде 1 миллион 700 мыңнан астам бала жазғы демалыс іс-шараларымен қамтылды. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан баяндады. Ал Алматы бойынша 266 мың бала лагерьде демалады деген жоспар бар. Соның аясында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше білім беруді қажет ететін, сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан бүлдіршіндерді толығымен қамту жоспарда тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, ашылу салтанатына қатысқан орталық – «Әлем белсенді жазғы демалыс» клубы. Бір айдың ішінде 2250 оқушыны қабылдауға қауқарлы орында қазір 25-тен астам үйірме бар. Орталық қызметкерлері айтуынша, бүлдіршіндердің бос уақытын қызық әрі пайдалы өткізуіне сеп болады. Дегенмен балалар жазғы демалысын клубтың аумағында ғана өткізбейді.

– Саябақтың басшылығына хат жазып, 100 оқушыны тегін кіргіздік. Келісімшарт бойынша маусымда аптасына 1 рет 100 оқушы саябақты тегін аралайды. Оқушылар Корей театрына, Үлкен Алматы қорығына барды. Келесі аптада тағы мәдени орындарға баруды жоспарлап отырмыз, – деді оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығының директоры Айнұр Дауылбаева.

Сондай-ақ балалар орталықта кәсіби бағдар бойынша білім алады. Оқушылар қызығушылығына қарай үйірмеге қатысады.

– Физика-инженерлік үйірмесі болғандықтан физикадан теориялық білімін жетілдіріп аламыз. Сонымен қатар әртүрлі зертханалық жұмыс жасаймыз. Орталықта виртуалды лаборатория бар. Оқушылардың ғылыми шығармашылық қабілетін дамытып, түрлі жоба жасайды, – деді оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы физика-инженерия үйірмесінің педагогі Талғат Сейдаз.

Оқушылар қалалық, республикалық жарыстар мен түрлі байқауда бақ сынайды. Мәселен жақында өткен «Жас ғалым» қалалық фестивалінде оқушылар 2 жоба ұсынған. Қазылар алқасы жоғары бағалаған.

– Соңғы жасаған жобамыздың тақырыбы «Нақты ауылшаруашылық кешені» деп аталады. Оның мақсаты – ауыл шаруашылығын дамыту. Ол бізде гидромоника және автоматтандырылған жылыжайдан тұрады. Физика-инженер үйірмесіне қатысқан оқушылар жарыстарға қатысты. Жақында Президентпен кездесуге барып келдік, – деді оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы физика – инженерия үйірмесінің оқушысы Елжас Шәзікен.

Айта кетейік, демалыс маусымы басталғалы елімізде бағыты түрлі 10 мыңнан астам лагерь жұмысын бастады. Олардың қатарында топан судан зардап шеккен өңірлердің балаларын тегін қабылдағандар да бар.

Гүлмарал Изатқызы, Мерейлім Қайырболатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда студенттерге арналған инклюзивті жаңа жатақхана ашылады

Новости партнеров