Елімізде алғаш рет European Robotics Week ұлттық финалы мәртебесінде өткізіліп отырған "Almaty Roboman" сайысының жеңімпаздары финалда бақ сынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жастар арасында инженерлік білімді кеңінен насихаттайтын элетротехникалық жарыс елімізде ауқымды көлемде алғаш ұйымдастырылған еді. Сайысқа қатысушылар қолдан арнайы роботтар мен өзі жүретін кіші көлемдегі машиналар және әр түрлі жобалар жасаған. Жарысқа Алматы, Қостанай және Жамбыл облыстарынан 37 оқу орнының студенттері мен колледж оқушылары қатысып, бақ сынады. Байқау қатысушылардың жас шамасына, топ болуына және басқа да ерекшеліктеріне орай 7 кезеңнен тұрды.
«Бүгінгі таңда бізде 7 түрлі жарыс болады, оның үшеуі бәсекелестік сайыс - «суммо жұдырықтасу», «робокросс» және «жүйелік инженериядағы электроника» деп аталатын турнирлерді өткізудеміз. Сондай-ақ, шығармашылық жобалар да бар, оның ішінде бейне форматында да, сурет түрінде де «менің сүйікті роботым» балалар конкурстарын ерекше айтуға болады. Еркін шығармашылық категориялар мен 3D принтері арқылы жасалған 3D модельденген жұмыстардың иелері де бақтарын сынауда», - деді Еуропалық робототехника апталығының ұлттық үйлестірушісі Владимир ЗАТОЛОКИН.
Бұған дейін байқаудың іріктеу кезеңдері Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университеті мен №134 лицейде болып, шешуші 3- кезең турниріне 217 топ пен 300-ден астам мектеп оқушылары өткен болатын. Ең қызығы, қатысушылар арасында жас инженерлер командасы да болды. 6 жастағы Чингиз Меджидов арнайы курстарға қатысып, кітап беттерін аударатын құлтемірді қолдан құрастырыпты. Оның айтуы бойынша, бұл мектеп оқушылары үшін көмекші құрал болмақ.
«Менің жұмысым «кітап беттерін аударушы» деп аталады. Ол жұмысын арнайы басқыштың көмегімен бастап, қысқыштармен кітап бетін қысады да, ақырындап қарсы бағытқа жылжытып, соңында қысқышты босатады. Егер, сіз тағы бір рет «іске қосыл» деген бұйрық берсеңіз, ол жұмысын қайтадан бастайды, яғни қозғалыс қайталанады», - деді қатысушы Чингиз МЕДЖИДОВ.
Жаһанданған заманда адамдарға көмекші болатын жасанды интеллекттің рөлі қазіргі қоғамда өте маңызды болып отыр. Көзге ерекше түскен туындылар авторының бірі -адамдардың уақытын үнемдейтін «ақылды айна» проектісін көрермендер назарына ұсынған еді.
«Бұл «Smart Mirror», яғни «ақылды айна» деп аталатын ақылды үйдің құрамдас бөлігі. Ол Алматы қаласының пайдаланушылары мен тұрғындарына көмектеседі. Жалпы, уақытыңызды ұтымды пайдалануға болады. Онда жаңалықтар, ауа-райы, уақыт және пайдаланушыны қызықтыратын қосымша функциялар көрсетілген. «Ақылды айнаға» жазбалар мен ескертпелерді де жүктеуге болады», - деді қатысушы Чингиз БАУДИНОВ.
Байқау соңында бірнеше топтар мен жеңімпаздар анықталып, арнайы сыйлықтар табыс етілді. Айта кетелік, жеңімпаздар алдағы уақытта Польшадағы Познань қаласында өтетін әлемдік робот техникалары байқауына қатысатын болады.
Аяулым Көлжігіт, Владислав Шишко, «Алматы» телеарнасы.