Биыл 131 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсырады – министрлік

28.05.2020 19:10

ҰБТ өткізу орындары санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша жабдықталады

Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен селекторлық отырыста ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық барысы қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, биыл ҰБТ-ны 131 мыңнан астам түлек тапсырады. 150 өткізу орны белгіленген. Барлық ҰБТ өткізу орындары тепловизор, дезинфекциялық тоннель және аяқ киімді зарарсыздандыруға арналған кілемшелер, медициналық пунктер, санитайзерлер, маскалармен қамтамасыз етіледі», - делінген хабарламада.

Е. Тоғжанов қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ҰБТ-ны өткізудің санитарлық-эпидемиологиялық талаптары бойынша нұсқаулықты әзірлеу қажет екеніне, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, санитарлық талаптарды міндетті түрде орындау, оқушыларды тестілеу орындарына жеткізудің қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруға назар аударды.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Е. Тоғжанов бірнеше нақты тапсырма берді.