Ғылыммен айналысуға мол мүмкіндік

2014 жылы ашылған инновациялық жылыжай Оңтүстік Кореялық технология бойынша жұмыс істеп келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ғылыммен айналысуға мол мүмкіндік туып жатыр. Оған қаладағы түрлі зертханалар мен халықаралық ұйымдар, бірлестіктер мен арнайы тағайындалған гранттар дәлел. Шаһардағы нанотехнология мен биотехнология жолға қойылған зерттеу орталығына тілшіміз барып қайтқан еді. Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас жалғастырсын.

Мына өсімдіктер химиялық элементтерсіз, тек биологиялық препараттардың негізінде жайқалып тұр. Яғни, топырақсыз, минералды мақтада, арнайы суару арқылы өсіріледі. Ғылымда бұл гидроплоника әдісі деп аталады. Біз келген инновациялық жылыжайда дәл осы әдіс арқылы жыл бойы түрлі көкөністер мен өсімдіктер, витаминдер өсіріледі.

2014 жылы ашылған инновациялық жылыжай Оңтүстік Кореялық технология бойынша жұмыс істеп келеді. Түрлі шөптесін өсімдіктерден бөлек, мұнда құлпынай, қияр, қызанақ пен бұрыш та өсіріледі. Негізгі күтімді 2 маман жасағанымен, жылыжай студенттер үшін оқу-тәжірибелік, зерттеу орнына айналып үлгерген. Ал, Қазақ-Жапон инновациялық орталығы бүгінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі нысанына айналып отыр. Мұнда негізгі 3 лаборатория жұмыс істейді.

«Қазір біздің мемлекет өзі ғылымға қатты көңіл бөліп жатыр. Біріншіден, ғылымға деген. Ғылым мен өндірістің қатар жүруі, болмаса ғылым мен білімнің қатар жүруі. Өндіріс пен ғылымның интеграциясы дегендей. Сондай мақсатта біздерге қатты көңіл бөлініп, көп жағдай жасалды», – деді Қазақ-Жапон инновациялық орталығы электронды микроскопия зертханасының аға ғылыми қызметкері Мырзан Нұрпейіс.

Аталған орталық 2010 жылы Елбасының қатысуымен ашылған. Био-нанотехнологиялар мен гендік-молекулярлық және басқа да инновациялық жобалар аясында зерттеу жүргізетін орын соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталыпты.

«Соңғы жаңалықтардан Алматыда коронавирустың британиялық және оңтүстік африкалық штаммдары анықталғанын білесіздер. Дәл осы мутациялық түрлерді біздің орталықта зерттеді. Одан кейін барып басқа зертханаларға талдауға жіберілді. Жалпы, орталығымызда түрлі зерттеу жұмыстары кең түрде жүргізіліп жатыр», – деді Қазақ-Жапон инновациялық орталығының директоры Нұрлан Сандыбаев.

Ғалымдар қаладағы, жалпы Қазақстандағы ғылым жаңа белеске көтеріліп келеді дейді. Оның ішінде жастарға да қолдау көп. Дегенмен қаржылық мәселе тығырыққа тірейтін көрінеді. Арнайы грант бөлінбесе, жаңалық ашып, зертеу жүргізу қиын дейді мамандар.

Мадина Оқас, Мейрам Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров