Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университеті бас лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайта тексеру қорытындысы бойынша 46 тармақтың 39-ы бойынша заңбұзушылықтар анықталды.
«Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде білім сапасын қамтамасыз етудің ішкі жүйесі қалыптаспаған. Білім беру бағдарламаларын, жеке оқу жоспарларын талдау белгілі бір пәндер бойынша кредиттерді игеруде үлкен айырмашылықтарды көрсетті. Тиісінше, білім алушылар пәндерді толық көлемде меңгермейді. Оқыту нәтижелері бойынша студенттердің 90%-і шекті деңгейден өте алмады», – дейді БҒМ білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.
Ведомство ақпаратынша, университетке уақыт берілген, алайда білім мекемесі заңбұзушылықтарды жоюға асықпаған. Соның нәтижесінде Алматы қаласы әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты университетті бас лицензиясынан айыру туралы шешім шығарды.
Сондай-ақ сот шешімімен жоғары оқу орны нұсқаманы орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Заңнамаға сәйкес, лицензиядан айырылған жағдайда, студенттер семестрдің аяқталуын күтпей-ақ басқа университеттерге ауыса алады.
Министрлік студенттер мен ата-аналарды, жұмыс берушілерді жоғары оқу орындары көрсететін білім беру қызметтерінің сапасына назар аударуға шақырды.