Олжас Бектенов жазғы лагерь жұмысын сынға алды

21.05.2024 23:08

Үкімет басшысы қауіпсіздікті күшейтуге тапсырма берді

Almaty.tv

Жаз қызығын қызықтайтын оқушылардың демалысы оңалмай тұр. Лагерьге келген жеткіншектер тынығып бой жазып, ой жарыстырудың орнына уақытын құр бос өткізеді. Үкімет басшысы 3 айлық науқанның тиісті деңгейде ұйымдастырылмайтынын айтты. Олжас Бектенов бірер аптада басталатын лагерь жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл масқара жағдай былтыр Алматы облысы Ұзынағашта болған. Ақша үшін ардан безген кәсіпкер 300 баланы фитнес-орталығы бар монша кешеніне орналастырған. Жауаптылардың мұндай жауапсыз әрекеті қоғамда үлкен шу туғызып, ақыры сотқа дейін жетті. Биыл мұндай жағдайға жол бермеу үшін Үкімет басшысы қауіпсіздікті күшейтуге көңіл бөліп отыр. Олжас Бектенов бас мұғалімге тиісті тапсырмалар жүктеді.

– Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, балалардың жазғы демалысы мен оларды еңбекке баулу барлық жерде бірдей тиісті деңгейде ұйымдастырылмайды, жұмыс көбінесе есеп беру үшін атүсті жүргізіледі. Танымдық және мазмұнды іс-шаралар аз. Олардың сапасы нашар, балалардың қызығушылығы мен бейімін ескермейді. Қауіпсіздік және санитариялық талаптар бойынша шешілмеген мәселелер бар. Бұл проблемаларды 1 маусымға дейін шешу керек, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Салада сан былық барын Үкімет басшысы біледі. Бірқатарын тізбектеп жеткізген ол министрліктегілерге 10 күн берді. Бірінші маусымға дейін жазғы лагерьдің бәрі материалдық-техникалық базамен қамтылуы керек. Баланың қауіпсіздігі үшін демалыс орындарына бақылау камераларын қою міндеттелді. Оқу – ағарту министрінің ақпарынша, биыл елімізде 20 мың оқушы жазғы лагерьде тегін демалады. Басымдық ауыл балаларына берілген.

– Балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі сапалы өткізу үшін 42 шарадан тұратын, 9 мемлекеттік органдармен бірлескен жоспар қабылдадық. Оның шеңберінде іске асыру бағытын қадағалау үшін республикалық және жергілікті 20 өңірде штаб құрылды. Штаб жұмысы – балалардың демалысын қауіпсіз өткізуді қадағалау, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Бас мұғалім биыл балалардың жазғы демалысын ойдағыдай өткіземіз деп сендірді. Дегенмен лагерьлер науқанға әлі білек сыбана кірісе қоймаған көрінеді. Бұл маусымда республика бойынша 182 тынығу орны балаларға қызмет көрсетеді. Соның 22-сі ғана санитарлық-эпидемиологиялық рұқсаттама қағазын алып үлгерген. Мәселеге алаңдаушылық білдірген Денсаулық сақтау министрі өткен жылы заңсыз жұмыс істеген мекемелер болғанын жасырмады. Жауаптылар мен жергілікті билік өкілдері осы олқылықты түзетуге құлаққағыс жасады.

Биыл 3 млн-ға жуық қазақстандық жазғы лагерьмен қамтылады деп жоспарланған.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Соңғы қоңырау: елімізде биыл қанша бала оқу жылын аяқтайды