Заң жобасы: ғылым саласындағы әлеуметтік мәселелер қалай шешіледі

19.02.2024 19:16

Алматыда Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата мүшелері мен мамандар кездесті

Almaty.tv

Ғылыми қызметкерлердің мәртебесін көтеру мақсатында жаңа заң жобасы дайындалып жатыр. Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата мүшелері оны сала мамандарымен талқылау үшін Алматыда кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Халық қалаулыларының айтуынша, бүгінгі ғылым саласы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етуі қажет. Құжатта сондай-ақ ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру жайы да қарастырылмақ.

– Ғылымға мемлекет қаражатын бөлгеннен кейін нәтиже болуы керек. Біз соны алға тартып отырмыз. Ғылым дамымай, ел де дамымайды. Біз оны жақсы білеміз. Ғылымның саласын дұрыс жолға қойып, реттейтін заң жобасы керек деп ойлаймын, – деді  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Таңсәуле Серіков.      

«Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасында түрлі бағыттар көрсетілген. Оның ішінде ғылыми атақ, жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау, Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін көтеру бар. Құжат қазір Парламенттің төменгі палатасы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қарауында.

– Заң жобасын талқылау үшін Алматыда кездесуіміздің өзі бекер емес. Өздеріңізге белгілі, Алматы - еліміздегі ең ірі мегаполис. Сонымен қатар түрлі бағыттағы ғылыми жұмыс осында жазылады және іске асады. Заң жобасын талқылау үшін кездесу іс-шаралары жалғасады. Әр кездесуде түрлі тақырып мен бағыт қаралуда, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева.

Оқи отырыңыз: Алматының барлық мектебінде кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізілді