Алматыда «Қазақ тіл білімінің бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстел өтті

27.04.2022 19:17

Іс-шара белгілі академик Кәрімбек Құрманәлиевтің 60 жылдық мерейтой құрметіне ұйымдастырылды

Almaty.tv

Бүгін Алматыда белгілі академик Кәрімбек Құрманәлиевтің 60 жылдық мерейтойына орай «Қазақ тіл білімінің бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиында қазақ тіл ғылымын дамытудың жаңа бағыттары жайлы көкейкесті мәселелер талқыланды. Шараға Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Зейнеп Базарбаева, Шерубай Құрманбайұлы сынды ғалымдар қатысты.

«Оның тіл біліміне қосқан үлесі өте зор. Әсіресе қазақ тіл білімінің сөзжасамы саласында және оны білім және ғылым ұйымдастырушысы ретінде білеміз», – деді филология ғылымдарының докторы Зейнеп Базарбаева.

Одан бөлек жиында Кәрімбек Құрманәлиевтің «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя: теория және практика» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кейін мәдениет басқармасының өкілдері ғалымның ғылымға қосқан үлесі үшін қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың атынан шапан жапты.

«Кәрімбек Құрманәлиев – Ұлттық Ғылым Академиясының академигі. Ондай дәрежеге жету үшін ғалымның ғылыми жетістіктері, жұмысы болуы керек. Ол сол нәтиженің арқасында сайланған. Сондықтан мен 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, үлкен шығармашылық табыс тілейін», – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов.