Халық көп жиналатын жерлерде кемінде 20 кітап сөресін орнату жоспарланған
Елімізде «Bolashaq Books» жобасы биылғы жылдан бастап ауқымын кеңейтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қоғамдық кітап сөрелері енді еліміздің әрбір өңірінде орын тебеді. Жоба Қазақстанның барлық 17 өңірін қамтиды. Халық көп жиналатын жерлерде кемінде 20 кітап сөресін орнату жоспарланған. Осылайша жастардың өзін-өзі танытуына жағдай жасалмақ.
«Негізгі жобаның 3 ерекшелігі бар. Біріншісі – адамдарға кітапты оқу қажеттігін, маңыздылығын еске салу және кітаптардың қолжетімділігі. Екіншісі – қазақстандық, отандық кітаптардың популизациясы. Өйткені кітап сөрелерінде КЮАР код бар, сол арқылы қазақ тіліндегі кітаптарды жүктеп, оқи алады. Үшіншісі – қоғамда жауапкершілікті арттыру», – деді «Bolashaq» қауымдастығының жоба менеджері Жұлдыз ЖҮНІСОВА.
«Жастар және инновация» жобасы аясында енді жастардың белсенділігін дамытуға зор мүмкіндік туды. Былтыр «Жастар жылы» аясында 169 жас ғалымның гранттық жобаларын қолдауға 3 млрд теңге бөлінсе, биыл да бұл іс жалғасын таппақ. Мұнда инновациялық көзқарас негізгі басым бағыттың бірі болады. Бұдан бөлек, жастар белсенділігін өзге бағыттарға жұмсау үшін басқа да мемлекеттік органдарды гранттық қаржыландыруға жұмылдыру көзделіп отыр.
«Жалпы министрлік жастардың арасында, жастар ұйымдары арасында азаматтық белсенділікті қолдау үшін «Азаматтарды қолдау орталығымен» бірге гранттық жүйені іске асырып келе жатырмыз. Бұл бірнеше жылдан бері іске асқан. Комитет биыл осындай жобаның оншақтысын жүзеге асырады. Келесі жылға да жоспарланған. Оған әрбір жастар ұйымдары қатысып, қызықты ойларын қоса алады», – деді ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр ҚОЖАХМЕТ.