Алматыда алғашқы «Жайлы мектеп» ашылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Мегаполисте 29 мыңнан аса балдырған бірінші сыныпқа қабылданды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін 29 мыңнан астам бірінші сынып оқушылары үшін алғашқы мектеп қоңырауы соғылды, деп хабарлайды Almaty.tv.


Білім күні қарсаңында Алматыда «Жайлы мектеп» ашылды. Алғашқы қоңырауға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова және құрылыс компаниясының өкілдері де қатысып, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әуезов ауданында орналасқан 60 жылдық тарихы бар білім ордасының ғимараты 2021 жылы апатты деп танылған. Сол себепті былтыр тозығы жеткен мекеменің орнына жаңа мектеп салына бастады. Құрылыс жұмысы 9 айда аяқталып, биыл оқушылар жаңа мекемеке аяқ басты.

– 1-сыныптан осы мектепте оқимын. 11-сыныпты жаңа ғимаратта аяқтайтыныма қуанып отырмын. Білім ордасында қажеттінің бәрі бар, – деді 11-сынып оқушысы Мансұр Тұрсынбай.

Мектептің аумағы 2,4 гектарға кеңейтілген. Заманауи талаптарға сай салынған ғимаратта инклюзивті білім беруге арналған бөлмелер де, шығармашылықты дамытуға арналған аймақтар да бар. Сондай-ақ бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке-жеке блокта білім алады.

– Мектепте оқушы саны өсті. 1115 бала білім алады, соның ішінде 120 оқушы биыл мектеп табалдырығын аттады. Ал жаңадан ашылған қазақ сыныбына 24 бала келді, – деді №97 мектеп-гимназиясының директоры Гүлнәр Тәжібаева.

Үш ауысымды оқу үдерісінен арылуға, мектептерде орын тапшылығын жоюға септігін тигізетін ұлттық жоба аясында Алматыда биыл жыл соңына дейін 32 мың 800 орындық 20 мектеп, ал 2025 жылы 4 мың орындық 2 білім ордасы пайдалануға берілмек.

– Өте қуаныштымыз. Халықтың игілігі үшін осындай мектеп барлық жерде ашылғанын қалаймыз. Балалар білімді, рухы биік азамат болсын! – деді қала тұрғыны Гүлмәрия Сибашева.

Биыл Алматыда 338 мектеп ашылып, 29 мыңнан аса балдырған бірінші сыныпқа қабылданды.

Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жетісу облысында 14 жаңа әлеуметтік нысан ашылды



Новости партнеров