Алатау ауданында 6 мектеп салынады

13.11.2023 19:33

Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алматының халық ең көп қоныстанған Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков баяндады

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматының Алатау ауданында Президент тапсырмасы бойынша 11 500 орынға арналған 6 мектеп салынады. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алматының халық ең көп қоныстанған Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков баяндады. Ол бүгін мектеп құрылысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылатынын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа жайлы мектептер Теректі, Қарасу, Алғабас, Ақбұлақ, Самғау және Әйгерім шағынаудандарында пайда болады. Құрылысты жүргізу 2023-2024 жылдарға жоспарланған.

А. Қалдыбековтың мәліметінше, ауданда барлығы 30 мемлекеттік мектеп және 8 жекеменшік мектеп бар. Барлығы 57 146 оқушы оқиды (мемлекеттік мектептерде – 55 751 оқушы, жекеменшік мектептерде - 1395). Бұл ретте оқушы орындарының тапшылығы – 5725. Аудандағы тапшылықты азайту үшін мектептер салынуда. Саялы-2 және Зерделі шағынаудандарында әрқайсысы 550 орындық екі мектептің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Мектепке дейінгі білімге келетін болсақ, ауданда 20 мемлекеттік және 201 жекеменшік балабақша мен шағын орталықтар бар, оларға 19173 бала барады. Бүгін Саялы-2 шағынауданында 160 орындық балабақшаның құрылысы аяқталды.

Бұдан бөлек, Зерделі шағынауданында жалпы ауданы 2 730 м2 болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар аяқталуда. Ауданда барлығы 184 спорт ғимараты жұмыс істейді.

Сондай-ақ, Алатау ауданында 13 712 баланың 534 үйірме мен секцияларға тегін қатысу мүмкіндігі бар. Олардың қатарында кинотеатр, кітапханалар, аула клубтары, мұражай, театр, теннис орталығы және т.б. бар.

Қорытындылай келе, Азамат Қалдыбеков Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «100 заманауи Оқушылар сарайының құрылысы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ауданда инновациялық шығармашылық орталығы ашылғанын, онда 33 түрлі үйірме ұйымдастырылғанын, апта сайын 5 мың балаға дейін қамтылып отырғанын хабарлады.