АҚШ-та қазақстандық оқушылар ұсынған мобильді қосымша топ жарды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңа қосымша есту қабілеті нашар адамдарға арналған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада 8 жастағы мектеп оқушысы сөйлеу және есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мобильді қосымша әзірледі. Айша Есет пен Ева Журкина есімді жас дарындардың тырнақалды туындысы АҚШ-тағы байқауда топ жарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндердің  жобасы өмірлік мәнге ие. Балалығын асыр салып ойынмен емес, оймен өткізуге ден қойған қыздарға құрбыларының тағдыры әсер етіпті. Құлақсыз туылған достарының жағдайы бала жүрегіне мейірім ұялатқан.

– Ол қызбен кішкентай кезімізден бірге өстік. Ол – өте ақылды, еңбекқор, талантты қыз. Есту қабілетінде кінәратпен өмірге келді. Ева екеуміз құрбымызға көмектескіміз келді. Қосымшаның арқасында ол ағылшын тіліндегі сөздерді үйреніп қалды. Әлі де бірге жаттығамыз, – деді жоба авторы Айша Есет.

Жаңа қосымша есту қабілеті нашар адамдарға арналған. Ол дыбысты мәтіндеу функциясы арқылы қолданылады. Жобаның әзірлеп шығарған Айша Есет – Астананың тұрғыны. Ал екінші авторы өскемендік Ева Журкина. Қыздар «шалғайда болсақ та, бірлесе жұмыс істеуге қашықтық кедергі болмады» дейді.

– Қосымша ағылшын тілінде әзірленіп жатыр.  Өзге тақырыптарды қосып, бірнеше тілді енгізуді ойлап жүрміз. Қолданушыға ыңғайлы болуы үшін автоматты көмекшіні де мәзірге енгіземіз, – деді жоба авторы Ева Журкина.

Жобаны жасап шығаруға қыздарға шамамен 3 айдан аса уақыт кеткен. Олар әлі де ізденіс үстінде. Жас дарындардың жоспары – қосымшаның қолданыс аясын кеңейту. Тырнақалды туындысын сынақтан өткізу де қиындық туғызбаған. Бұл бастаманы есту қабілеті нашар балалардың ата-аналары мен ғалымдар қолдаған.

– Жасанды интеллект бар. Сол арқылы қосымшаға зерттеу жұмысын жүргіздік. Әр апта сайын белгілі бір сабақтан өтуі керек. Прототиптер жасау, негізгі бағдарламалауды үйрену, яғни жоба кезең-кезеңнен өтеді. Қыздардың еңбегі зор. Ерінбей, көп ізденді, – деді оқытушы Аружан Нұрманова.

Қыздардың жобасы АҚШ-тағы байқауда да көпті таңдай қақтырған. 70-ке жуық елдің дарындары қатысқан ғылым мен білім бәсекесінде олардың жұмысы ақтық сынға жолдама алды. Әзірге дайындық пысықталып жатыр. Қос бүлдіршін қазанда жобасын әлемдік аренада қорғайды.

Кәмшат Мұхамеджан, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Театрдағы жасанды интеллект: алғашқы қойылым көрерменге жол тартты

Новости партнеров