Алматыда мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мамандарының біліктілігін арттыруға арналған жоба өтіп жатыр. 100-ге жуық адамның кәсіби машығын жетілдіруге бағытталған бастамаға қалалық білім басқармасы мұрындық болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазанда іске қосылған жоба балабақша меңгерушілері мен әдіскерлерінің кәсіби әрі басқару біліктілігін көтеруді көздейді. Іс-шара шеңберінде мегаполистің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 50 меңгерушісі мен 50 әдіскері білімін толықтырды.
– Алматы қаласында 2023, 2024, 2025 жылғдара дейін жасалған жол картасы бар. Балабақша меңгерушілері мен әдіскерлері мектепке дейінгі саланың сапасын көтеру үшін курстан өтеді. Сосын өз жұмыстарына баға беріп, оның деңгейін талдауға мүмкіншілік бар, – деді Білім басқармасының мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Әлия Сағиева.
Оқу бағдарламасын жасауға отандық сарапшылардан бөлек, саладағы шетел эксперттері де қатысты. Жоба барысында Аустралия, Швеция, Финляндия, Сингапур, Польша, Малайзия сынды бірқатар елдің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен өкілдері келіп, тәжірибесін бөлісті.
– Мектепке дейінгі білім беруде мамандардың біліктілігін арттыру маңызды. Тәрбиешілер де білімін жетілдіріп жатыр. Олар «апай,курс көңілді өтті. Білмейтініміз көп екен» деді. Курстың маңызы зор, – деді бөбекжай-балабақша меңгерушісі Гүлжария Кубекова.
– Италияда балабақшаға Реджио-педагогика тәсілін алғаш енгіздік. Бүгін осы әдіс жайлы толығырақ айттым. Әр баланың ойын еркін жеткізуіне кедергі келтірмей, дамуына көмектесеміз, – деді балабақша жетекшісі Стефани Занардо (Италия).
Оқыту курсы желтоқсанға дейін жалғаспақ. Іс-шара қаланың мектепке дейінгі білім беру ұйымдары шеңберінде жаңа әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға сеп болады деген сенім бар.
Жансая Олжабек, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Мектеп бағдарламасына қаржылық сауаттылық курсы енгізіле ме