Алматыдағы Радиоэлектроника және әскери байланыс инженерлік институтының 122 түлегі лейтенант шенін алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың қатарында ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының даярлау бағдарламасы бойынша білім алған Қырғызстанның 4 азаматы бар. Түлектер салтанатты маршпен жүріп, мәңгілік алауға гүл шоғын қойды. Институттың жауынгерлік туымен қоштасты. Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің өкілдері мен түлектердің ата-анасы қатысты.
«Біздің жас түлектер дипломымен алғашқы әскери шендерін алып, жаңа әскери өмірге кетіп бара жатыр. Жас түлектер алдағы жаңа әскери өмірге еліміздің Қарулы Күштеріне өздерінің үлесін қосып, айбынын асқақтатып беделін көтереді деген сенімдемін», – деді Радиоэлектроника және әскери байланыс инженерлік институтының түлегі Тұрсынбай Ерханұлы.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін институтта 2000-нан астам офицер білім алды. Олар қазір Қазақстанның әр өңірінде Қарулы Күштер қатарында қызмет етіп жүр.
«Бүгінгі қуанышты жағдай білімді жас лейтенант түлектері әскер сабына қосылып, жұмысқа кетейін деп жатыр. Оларға жақсылық тілеймін. Алған білімдері өте сапалы. Мен ойлаймын өз қызметін жақсы дәрежеде атқара алады», – деді генерал - майор Мүбәрак Орынбеков.