Алматыда тарихшылар мен дінтанушылар бас қосты

25.01.2024 19:48

Кездесудегі мақсат – зороастризм ілімінің мұрасын зерттеу

Almaty.tv

Бүгін Алматыда білікті тарихшылар мен дінтанушылар бас қосты. Жиынға Иран мен Өзбекстан сынды елдердің өкілдері де қатысты. Кездесудегі мақсат – бүгінде ұмыт болған зороастризм ілімінің мұрасын зерттеу, деп хабарлайды Almaty.tv.

Яғни, ежелгі ұстанымның ғасырлар бойы сақталған, тұрмысқа сіңген ғұрыптарының түпкі мағынасын анықтау. Ғалымдардың айтуынша, сол арқылы қазақ елінің тарихы мен мәдениетін терең зерттеп, әзірге беймәлім тың жаңалық ашуға болады.

– Қазақ хандығының тарихын XV ғасырдан бастаймыз. Ислам діні VIII-IX ғасырларда тарап, біздің жерге келді. Бірақ тарих одан басталған жоқ қой. Оның арғы жағында да тарих болды, – деді ғалым, философия ғылымдарының докторы Серік Нұрмұратов.

Айта кетсек, зороастризм көнеде көп елде ұстанған негізгі ілім саналған. Орта Азия мен Еуропаның кей бөлігінде кең тараған. Ежелгі Қазақстанда да ықпалы болды деген деректер бар. Тарихшылардың айтуынша, бұл ілімнің өзі ысырылып тасталғанымен, салт-дәстүрі бүгінге дейін сақталып келеді. Солардың бірі –Наурыз мейрамы.

– Мұндай басқосулар қазақ ғалымдарының Иранның ғылыми ресурстарына қол жеткізуіне жол ашады. Сондай-ақ екі елдің ғылыми және мәдени саласындағы байланысты дамытуға мүмкіндік береді, – деді Иранның мобадан қауымдастығының президенті Мехрабан Полади (Иран).

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жағдайы қалай