Алматының Алатау ауданында 1440 орындық екі колледж бен 760 орынға арналған жатақханалардың құрылысы басталды. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде аудан басшысы Азамат Қалдыбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Алматыға келген сапарында Үкіметке студенттерге арналған жатақханалардың жетіспеушілігі мәселесін шешуді тапсырған болатын. Өйткені Алматы ғылым мен білім берудің озық орталықтарының бірі болып саналады.
Президент тапсырмасына сай, студенттерге арналған жаңа жатақхананың құрылысы бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Студенттердің өмір сүру жағдайын жақсарту үшін биыл Зерделі шағынауданында 380 орындық жатақханасы бар 720 орынға шақталған кәсіптік-техникалық колледж құрылысы басталды. Сондай-ақ Алғабас шағынауданында 380 орындық жатақханасы бар 720 орындық инновациялық - техникалық колледж ғимараты салынуда», - деді Азамат Қалдыбеков Алматы қаласының ӨКҚ брифингінде.
Сондай-ақ Алатау ауданында 1 600-ден астам адам оқитын университет және 859 оқушы оқитын екі орта арнаулы оқу орны бар.