|
07.06.2021 | 14:54
9162

ҰБТ-дан 140 ұпай жинаған Данияр Уәлиев жетістігінің құпиясын бөлісті

Павлодардағы дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей интернатының түлегі

ҰБТ-дан 140 ұпай жинаған Данияр Уәлиев жетістігінің құпиясын бөлісті ашық дереккөзден

Биылғы оқу жылында ҰБТ-дан 140 балл жинаған Павлодар облыстық дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей интернатының түлегі – Уәлиев Данияр Арманұлы Almaty.tv тілшісімен тілдесті. Бүгін Данияр «Қазақстан тарихы» пәнінен мемлекеттік емтиханды сәтті тапсырып шықты. Нұр-Сұлтан қаласына жол жүріп бара жатқан Данияр телефон арқылы байланысқа шықты.  

Мемлекеттік емтиханда республикадағы ең жоғары нәтиже көрсеткен Даниярға ұстаздары қандай да бір жеңілдік жасамады ма деп сұрағанымызда, ол:

«Жоқ, әрине! (күліп) Ешқандай жеңілдік болған жоқ. Барлығы регламент бойынша  тапсырып шықтым. Мұғалімдер, мектеп әкімшілігі тарапынан ешқандай көмек болған жоқ», – деп жауап берді.

Данияр бізге 140 балл жинаудың сырын, әрі түлектерге өз тәжірибесін бөлісіп,  лайфхақ ұсынды.

«Бір жыл бойы бірнеше  рет сынақ тапсырып, күні-түні дайындалдық. Өз сыныптастарыммен бірге дайындалдым. Басты құпиясы сол – сыныптастар арасындағы «білім бәсекесі» деп ойлаймын. Бұл мені шабыттандырды десем де болады. 140 балл жинаудың қандай да бір ұтымды жолы немесе лайфхақ ретінде тек қана еңбек және дайындық дер едім. Қайталау – білімнің анасы. Әркімге әрқалай жұмыс жасаған ыңғайлы. Мәселен, ҰБТ сұрақтарымен көп жұмыс жасау, әр сұрақ бойынша жан-жақты ақпарат жинау маңызды. Лайфхақ ретінде кестелерге ақпараттарды тізіп дайындалуды ұсынамын», – деді ол.

Сонымен қатар, Данияр кейбір сұраққа көп ойланып жауап бергенін, әсіресе таңдау пәні қиындық туғызғанын айтты.

«Қиын болды деп айта алмаймын. Бірақ оқу сауаттылығының сұрақтарына ойланып жауап беруге тура келді. Нәтижесінде барлығы дұрыс. Сосын қиындық туғызған таңдау пәнім – физика. Жалпы дайындық барысында физикаға көп көңіл бөлуге тырыстым. Шүкір, барлығы ойдағыдай өтті. Физикадан кейбір сұрақтар қиын болды. Одан бөлек математикадан тригонометриялық сұрақтарға біраз уақыт бөлуге тура келді», – деді.  

Данияр мүмкіндік  болып жатса, шет елде білім алғысы келеді. Бірақ  әзірше нақты бір шешім қабылдамағанын, ата-анасы, ұстаздарымен ақылдаса отырып, жақын уақытта шешім қабылдайды. Астана, Алматы қалаларындағы жоғарғы оқу орындарының біріне баратынын айтты. Негізінде, энергетика саласында инженер мамандығын меңгергісі келеді. ЖОО жақсы тәмамдап, елімнің болашағы үшін пайдалы азамат, қажетті маман боламын деген сенімдемін деген ниетін жеткізді. Әрі елімізде ҰБТ тапсырып жатқан түлектерге сәттілік тіледі.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир