Қазақстандықтар үшін енді жұмысқа орналасу кезінде диплом міндетті болмайды

14.12.2022 19:56

Сертификаты бар түлектерді жұмыс өтілін талап етпей-ақ жұмысқа алуға мүмкіндік ашылады

фото: Геннадий Черкасов

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары палатаның пленарлық отырысында «Кәсіптік біліктілік туралы» заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім еткендей, заң жобасы Ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру және дамыту кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, оның мақсаттары келесідей: қолданыстағы және алдағы уақытта қажет болатын кәсіптер мен кәсіптік біліктіліктерді реттеп, бірыңғай жүйеге келтіру, кәсіптер мен кәсіптік біліктіліктерді реттеу аясында еңбек нарығында сұранысқа ие кадрлардың кәсіби құзыреттілігін дұрыс қалыптастыру.

Заң жобасында Ұлттық біліктілік жүйесінің толық архитектурасы, яғни оның негізін құрайтын 6 базалық компоненті ұсынылды.

Біріншісі – ұлттық және салалық біліктілік шеңбері. Онда аяқталмаған орта білімнен бастап PhD дәрежесіне дейінгі азаматтарға қажет болатын 8 кәсіби білім деңгейі айқындалған және осы деңгейге тура келетін біліктілік, дағдылар мен машықтардың талап-сипаттамасы көрсетілген.

Екіншісі – қызметтердің ұлттық классификаторы. Бұл - еліміздің аумағында атқарылатын қызметтердің атауын, азаматтардың онда атқаратын жұмыс түрін, дағды деңгейі мен мамандандығын жіктейтін құжат.

Үшіншісі – қазіргі таңда еңбек нарығында бар және болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптердің тізімі.

Төртіншісі – кәсіби стандарттар немесе жұмыс берушілердің кәсіби біліктілікті айқындайтын талаптары.

Бесіншісі – білім беру бағдарламалары.

Алтыншысы – кәсіби біліктілікті растайтын сертификат.

«Кадрларға талап жұмыс беруші тарапынан болғандықтан, олардың атқаратын міндетін де заң жобасында толық қарастырдық. Біріншіден, жұмыс берушілер қазіргі таңда және ұзақ мерзімді болашақта сұранысқа ие кәсіптің тізімін айқындайды. Екіншіден, жұмыс берушілер ұсынған кәсіп тізбесі өңірлік және салалық кеңестерде одан әрі толықтырылып, жинақталады. Содан салалық кәсіптер тізімі жасалады. Үшіншіден, салалық кәсіптер тізімі өз кезегінде мемлекет реттейтін және ол реттемейтін кәсіп болып бөлінетін болады. Төртіншіден, белгілі бір кәсіп бойынша жұмыскерлердің біліктілігіне, дағдысы мен құзыретіне қойылатын талаптар жұмыс берушінің жасалатын кәсіптік стандарттар түрінде бекітілетін болады», - деді Тамара Дүйсенова.

«Мемлекет реттейтін кәсіп бойынша жұмыскерлерді сертификаттау міндеттеледі. Бұл санатқа негізінен азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мамандықтар, мысалы, дәрігерлер, өрт сөндірушілер немесе адвокаттар жатады», - деп атап өтті министр.

Мемлекет тарапынан реттелмейтін кәсіптер үшін сертификаттау ерікті болады.

«Әріптестіктің екінші жағы – кәсіптік білім беру жүйесі. Білім беру ұйымдары жұмыс берушінің талабын ескере отырып, алдымен мамандықтар мен қызметтердің классификаторын жасайды. Одан кейін жұмыс берушілердің кәсіптік стандарты негізінде білім беру бағдарламасын дайындайды. Білім беру саласындағы уәкілетті орган білім беру бағдарламаларын, жұмыс берушілердің кәсіптік стандартына сәйкес келген жағдайда, мемлекеттік тіркеуден өткізеді», - деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

Жұмыс берушілер мен кәсіптік білім беру жүйесі әріптестігінің нәтижесін тәуелсіз бағалау немесе сертификаттау жүйесін енгізу арқылы анықталатын болады.

«Бұл жұмысты арнайы сертификаттау орталықтары жүзеге асыратын болады. Олар Ұлттық кәсіпкерлер палатасының немесе басқа уәкілетті институттардың аккредитациясынан өткен тәуелсіз заңды тұлғалар. Сертификаттау орталықтарын аккредитациялаудың өзі «Аккредитациялау туралы» заңға және еңбек жөніндегі уәкілетті орган бекіткен ережелерге сәйкес қатаң түрде жүргізілетін болады», - деп ЕХӘҚМ басшысы анықтап өтті.

Сертификаттау процесі тек азаматтардың біліктілігі кәсіптік стандартқа қаншалықты сәйкес келетінін анықтау ғана емес, сонымен бірге білім беру ұйымдарында кадр даярлау деңгейін бағалау деп баяндады министр. Тәуелсіз бағалаудан өткен азаматтарға сертификат беріледі.

«Бұл ретте дипломдар мен сертификаттар туралы арнайы түсіндіре кеткім келеді. Тәуелсіз бағалаудан өткен түлектердің қолында нақты мамандығы бойынша кәсіптік даярлықтан өткенін растайтын диплом және алған білімдерін іс жүзінде қолдануға дағдыланғанын растайтын сертификат болады. Бір сөзбен айтқанда, сертификаты бар түлектерді жұмыс берушілер жұмыс өтілін талап етпей-ақ жұмысқа алуға мүмкіндік ашылады.

Сондай-ақ ерікті сертификаттаудан әртүрлі үйірмелер, тренингтер немесе өз бетінше оқу арқылы жұмысшы мамандығын игерген адам да өте алады. Бұл жағдайда сертификат жұмысшы мамандықтары бойынша жұмысқа қабылдау кезінде негізгі құжат бола алады», - деді Тамара Дүйсенова.

Сертификаттау ақылы негізінде жүзеге асырылады. Сертификаттау орталығы қызметінің ақысын жұмыссыз азаматтар үшін атаулы ваучерді пайдалана отырып мемлекет төлейді. Ал, өз қызметкерлерін сертификаттауға жіберген кезде оның ақысын жұмыс беруші төлейді. Сондай-ақ, дағдыларын ерікті түрде бағалаудан өткізгісі келсе, азаматтардың өздері де төлей алады.

Барлық процестерде мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету үшін заң жобасында үш деңгейлі институт құру көзделеді.

Бірінші деңгей – Үкімет жанындағы Ұлттық кеңес. Оның құзыретіне Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту, салалық және өңірлік кеңестер дайындаған кәсіптер тізімін мақұлдау және жаңа кәсіптік стандарттарды әзірлеуді, қолданыстағы кәсіптік стандарттарды өзектендіру ісін қаржыландыратын көздерді мақұлдау мәселелері кіреді.

Екінші деңгей - орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын салалық және өңірлік кеңестер. Олар кәсіптер тізімін, қажетті кәсіби стандарттар мен білім беру бағдарламаларының тізімін және жұмыс берушілер немесе олардың қауымдастықтары әзірлеген кәсіби стандартты келіседі.

Үшінші деңгей - Министрлікке қарасты Еңбек ресурстарын дамыту орталығының базасында құрылатын, кәсіптік біліктілік жөніндегі Ұлттық орган. Ол біліктілік жүйесіне қатысушылардың жұмысын үйлестіреді, жүйенің әдіснамалық базасын әзірлейді және кәсіби стандартты тіркейтін болады.

«Заң жобасын қабылдау мемлекет, жұмыс беруші және азаматтар қатысатын біртұтас Ұлттық біліктілік жүйесін құруға, кәсіптік білім беру секторын жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестендіруге, кәсіптік біліктілікті танудың тәуелсіз жүйесін енгізуге мүмкіндік береді», - деп қорытындылады Тамара Дүйсенова.