|
27.09.2021 | 14:58
932

Алматы мектептері латын қарпімен шығарма жазу акциясын өткізді

Шараның мақсаты – 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшуді ұйымдастыру саясатын жүзеге асыру

Алматы мектептері латын қарпімен шығарма жазу акциясын өткізді

Алматы мектептері латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуді бастап кетті. Білім ордалары «Алматы тарих тағылымында» тақырыбында латын қарпімен шығарма жазу акциясын өткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Наурызбай ауданы мектептері 9 бен 11-сынып оқушылары арасында латын қарпінде шығарма жазу акциясын ұйымдастырды. Шараның мақсаты – 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшуді ұйымдастыру саясатын жүзеге асыру.  

«ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде ұлттық комиссияның отырысы өткен болатын. Отырыс барысында халық арасында латын әріпіне көшу бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыруға тапсырма берілген болатын», – деді Наурызбай ауданы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Ескендірова. 

Мәдениет – ұлттың бірізділігін сақтауда қашан да алғы шепте. Сол мәдениеттің басты құрылымының бірі – жазу. Жазуды жаңа әліпбиге көшіру – бүгінде өзекті мәселе. Елбасы өзінің «Болашаққа бастау: Рухани жаңғыру» мақаласында бұл мәселені маңызды міндеттердің бірі деп бекітті. Осы орайда оқушылар арасында латын әліпбиі жайлы терең мағлұмат беру мен қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында осы іс-шараны ұйымдастырып отыр.

№200 мектеп-гимназиясында соңғы 2 жылдан бері оқушыларға латын әліпбиімен таныстыру жұмыстары жүргізілген. Мектеп оқушылары латын қарпінде шығарма жазу қиынға соқпағанын айтып отыр.

«Латын әліпбиі қазіргі таңда көптеген жерде қолданылғаны бәрімізге белгілі. Тіпті, ғылыми кітаптарда, ғаламторларда барлығы ағылшын немесе латын қарпінде жазылған. Менің ойымша, латын қарпінде жазу өте оңай, себебі, біз осы уақытқа дейін бірнеше эсселер жазып келгенбіз», – деді №200 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Арайлым Мыңбаева. 

«3 айда бір рет, жалпы, осы латын қарпі бойынша шығарма алып тұрамыз. Бағаланбайды, тек өзіміз нәтиже шығару үшін, қарап, оқушылардың қаншалықты латын қарпіне дайын екенін біліп отыруымыз үшін», – деді №200 мектеп-гимназиясының мұғалімі Ұлбазар Дүйсебаева.

Латын қарпінде шығарма жазу акциясына аудан бойынша 1000 оқушы қатысқан. Шара 28 әріптен тұратын соңғы нұсқадағы әліпбиге сүйене отырып ұйымдастырылған.

Таңелі Есіркепова, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир