Баланы мектепке қай жаста берген дұрыс

inform.kz
inform.kz
Баланың әлеммен тіл табыса алуы, интеллектуалдық деңгейде дамуының іргетасы бесік жыры арқылы қалыптасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Баланы мектепке қай жаста берген дұрыс? Бұл сұраққа белгілі психолог, «Қазақтың жазылмаған психологиясы» кітабы авторларының бірі Нұргүл Сүйіндікова жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі «Ұлан» газетіне сілтеме жасап.

Психолог Нұргүл Сүйіндікованың пікіріне сүйенсек, «6 жасқа толған баланы мектепке беру дайындықтың жалғыз алғышарты емес». Себебі: «Мектепке бару – бала өміріндегі өзгеріс қана емес, дағдарыс. Оған дайындық керек. Бұл дайындық баланың белгілі бір жасқа жетуінен ғана тұрмайды». Маманның пікіріне назар салсақ:

– Қазір ата-аналар арасында «мектепке баруға интеллектуалдық деңгейде ғана дайындық қажет» деген жаңсақ түсінік қалыптасқан. Біз жеті жасқа толмаған баланы интеллектуалдық жағынан дамытамыз. Есеп беру қабілеті мен санасы толық жетілмеген баланы сабақты жақсы оқитын етіп тәрбиелейміз деп, керісінше, өшіріп аламыз.

Мектепке баратын бала – әлі ойын баласы. Ойын баласы келбеті – оның табиғи мүмкіндігі мен ерекшелігі. Сағаттап тапсырма беріп, шарадай басын шақшадай етеміз. Алайда, баланың сағаттап отыруға ынтасынан бөлек, психологиялық мүмкіндігі де болуы керек. Сондықтан мектепке баруға дайындық тек интеллектуалдық емес, психоэмоционалдық және тән тұрғысында да шымырлықты дамытуды қажет етеді. Бұрын сағаттап отырмаған балаға ерік-жігер керек. Бұғанасы қатаюы керек. Бұл – дене шынықтырумен келетін тән тұрғысындағы іргетас. Психологиялық әл-ауқаты мен дене шымырлығын дамыту мектепке баратын балаға ауадай қажет. Бұл болмаса, бала өзін мектептен табуы қиын. Мектеп – адамның интеллектуалдық тұрғыда даму және әлеуметтену құралы. Бала үшін оңай емес, шешілуге тиіс өмірлік міндет.

Соңғы психологиялық зерттеулерге сүйенсек (оның ішінде өз зерттеулеріміз де бар), бала өзін мектептен табу үшін ең болмаса бір жыл көлемінде спорт секцияларына барып, тәртіп пен ерік-жігерін шыңдауға тиіс. Өйткені спорт тәртіпке баулиды. Бірақ спорт тәртіпке бағынуды түсінікті тілде жеткізуі керек. Мектепте әлеуметтенуді, жауапкершілікке негізделген қарым-қатынасқа түсуді бастайды. Сондықтан баланың әлемге қадам басуында оның психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі таңда мектепке баратын баланы психолог маманға апарып, оның мектеп алдындағы әл-ауқаты мен жандүниесін, қауқарын көру – әр ата-ананың міндеті.

Осы уақытқа дейін мектепке дайындығын тексертуге келген балалардың ішінде мектепке рухы мен жаны дайын бірде-бір баланы көрмедім. Кейбір балалар қарым-қатынас құралы – қолдың суретін салғанда, бес саусақтың орнына саусақтарды кемітіп салады. Немесе, адамның суретін салғанда құлағы жоқ меңіреу, көзі жоқ немесе мұрны жоқ, иіс сезбейтін етіп салады. Бұндай сурет салған балаға қатысты психолог маманда қандай сұрақтар туындайды? Ең бірінші сұрақ – «Мына баланың қасында сезіне білетін, еститін, көретін, қарым-қатынасқа түсетін адам, яки ата-ана бар ма?» деген сұрақ. Бұндай ахуалдағы балаға мектепте талап етілетін жауапкершілікпен қарым-қатынасқа түсу, міндеттер алу, оқу, тағы сол сияқты жүк арту арқылы жалғызсыраған баланы одан сайын қоғамнан, мектептен қашырып жалғызсыратпаймыз ба? Бұлардың барлығы мектепалды даярлық барысында баланың өз бойында қажетті дүниелер.

Баланың әлеммен тіл табыса алуы, интеллектуалдық деңгейде дамуының іргетасы бесік жыры арқылы қалыптасады.  Бала психологиясында бесік жыры баланың 1,5-2 жасқа дейінгі тіл табысу мен шүйіркелесудің ең алғашқы және жалғыз нысаны ретінде танылса, 3-4 жасқа дейін ана мен баланың қарым-қатынасындағы ерекше орынды иеленуін жалғастырады.

Алайда ата-аналар баланың мектепалды даярлығының, өмірлік мектепте кірпіш болып қалануының алғышарты тек ми мен кітапта деп сенеді. Баланың табиғи мүмкіндіктері мен шамасына қарамай түрлі-түрлі үйірмелерге беріп, кітап арқалатады. Мысалы, қабылдауыма мектептен қашатын 4-сыныптың оқушысы келді. «Неге мектептен жеріген?» деген сұрақтың жауабын балаға артылған шектен тыс жүктен көрдім. Таңғы 7-ден кешке дейін мұрын сіңбіруге шамасы жоқ, үйірмеден қолы босамайды. Кешке үйірмеден босаған соң сабағын оқиды екен. Үйірменің бірде-біреуіне баланың өзі қалап бар-маған. Ата-ананың кезінде орындалмай қалған арманын тықпалауын көруге болады.

Өмір тек міндеттен тұрады

5 пен 7 жас аралығында өмір «өзімнің немесе өзгенің қалауын орындаудан» тұрады деп түсінеді. Міндетті орындауға жиіркенуіне әкеледі. Міндет арту мәселесінде ең ұтымды шешімді қазақ дүниетанымынан көруге болады. Қазақ 12-ге толғанша «қозы жастың» адамы деген. Осы жасқа дейін қауқарының әлсіз екенін, міндетін атқарушы емес, бұғанасы қатпаған, қозыдай әлсіз жан иесі екенін көре-міз. Қазіргі бала психологиясы да тап осылай дейді.

Міндет деген ұғымды түсінетін кезең болады. Үйірмеден шаршаған балақай «өмір менің емес, өзгенің айтқанынан тұрады» деп ойлайды. Өмірден жиіркенетін деңгейге жеткіземіз. Оның орнына, баламен шүйіркелесіп, оның жанының қалауын да назарда ұстаған жөн. Ата-ананың емес, баланың қалауындағы тақырыпта шүйіркелесу қажет. Мысалы, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген ой мазалауы мүмкін. Ертегі айтып, бірге талқылаңыз. Сонда барып, «мына сұрақты ойлауға құқылымын» деп ойлайды. Әрбір ойының маңызды екенін сезінеді. Мектеп бітіргенде:

«Гарвардқа барсам ба, әлде Стенфордқа ма?» деген ой келеді. «Қант неге ақ?» деген сұраққа «Миымды ашытпа, көп сөйлеме!» деп жауап алып үйренген баланы үлкен таңдау мазалауы мүмкін бе? Көкірегіңде пайда болған дүние жалған еместігін үйрету қажет. Қанағаттандыру арқылы оның әлемге қызығушылығын күшейтеміз. Шүйіркелесу арқылы ойында не болып жатқанын білеміз. Ол ішкі дүниесін алдымен өзі ойлайды. Сосын ересекке береді. Ересек адаммен байланыс болмаса, ішкі дүниесін тығып қояды. Нәтижесінде бос адамға айна-лады. Жандүниесіне үңілмейді. Кейін оны қызметтен, жақсы көретін адамынан талап етіп жүреді...

Қазір балалар арасында жүйке аурулары көп дейміз. Кейде осыған жоғарыда айтылған ата-аналардың қателіктері де әкеледі. Жақында аутистік сипаты бар, қарым-қатынасқа түспейтін 8 жастағы бала келді. Келе сала қабырғада ілулі тұрған жалғыз велосипедтің суретіне көзі түсті. Велосипедтің жалғызсырап тұрғанын, оның жанына адамдар салу керектігін айтты. Сөйтіп, жеті адамды салып шықты. «Ол жалғыз» деді. Бұл нені көрсетуі мүмкін? Шешілмеген жалғыздық! Әкесі жоқ, тек әжесі мен шешесінің қасынан шықпаған, балабақшаға бармаған. Достары жоқ. Өзімен өзі жалғызсырап жүр. Жалғыз велосипедтің қасына топырлатып адам салмағанда қайтсін?! Оның жаны жалғыз. Сырласып, шүйіркелесетін адам жоқ. Өмір осылай жалғасып жатыр.

Қорыта айтқанда, мектепалды даярлықта баланы интеллектуалдық тұрғыда «желкелеу», мектепке даярлық деген алты жасқа толғаны деп қана түсіну – қателік. Қозы жаста ол ойынды, шымырлықты, жандүниесіндегі жайбарақат мамыражай күйді, жалпы әл-ауқатымен толық санасуды қажет етеді.

Новости партнеров