Ол бағын екінші рет шілде айында сынап көрмек
ҰБТ-дан көш бастап тұрған түлек Түркістан облысына қарасты Кентау қаласының тұрғыны – Айдос Қожанов, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көпбалалы отбасынан шыққан жігіт алғашқы мүмкіндігінен-ақ 138 балл алған. Физика пәнін таңдаған ол болашақта мұғалім болуды армандайды.
– Ең басында «аяқтау» деген тетікті басқанда таңқалдым. Ашып көрдім. Оңай тапсырмадан сүрініппін, Қазақстан тарихында қазақ-жоңғар шайқасында 1 балл жоғалтым, ал математикадан 7-сыныптың есебін қате шығарыппын. Әкемнің жолын қуып, мұғалім мамандығын таңдадым, – деді мектеп түлегі Айдос Қожанов.
Айдос үйінде 6 баланың бесіншісі. Анасы үй шаруасында болса, әкесі жалпы орта мектепте 40 жылдан бері математика пәнінен сабақ береді. Білім ұясына ерте барған түлек өзінен бір жас үлкен туған ағасымен бір сыныпта оқыған. Айдостың бауыры бұл сынақтан 118 балл жинады. Қос ұлдың көрсеткішіне қуанған әке «жетістік – балаларымның таза еңбегі, маңдай тері» деді.
– Азанда кетеді, кешке келеді. Ай сайын ҰБТ тапсырып отырды. Тестілеуден алған бағаларының бәрі жүздің үстінде болып, қуантып отырды. Өз бетінше оқып, үйренді. Менен де ештеңе сұраған жоқ, – деді А. Қожановтың әкесі Хайрулла Қожанов.
138 балл иегері соңғы екі сыныпты мектеп түлектеріне арналған білім ұясында оқыған. Онда да тест тапсырып, жүз баланың арасынан топ жарып, тегін оқуға жолдама алған. Осылай деген мектеп директоры биыл оқушылардың басым бөлігі физика-математика пәнін таңдап, IT саласына барғысы келетінін айтты.
– Бүгінгі күнге дейін 110 баламыз ҰБТ тапсырды. Оның 85-87 пайызы 100 балдан асып отыр. Ал Айдос Қазақстан бойынша рекорд жасады. Ол жыл басынан бері жоғары балл жинап келеді. Бірінші орынды ешкімге берген жоқ. Үмітіміз ақталды, – деді мектеп директоры Шахрух Каримжанов.
Айта кетейік, бұл – Айдостың тестілеуде алғашқы мүмкіндіктен алған көрсеткіші. Ол бағын екінші рет шілде айында сынап көрмек. Қазірдің өзі рекорд орнатқан оқушы алдағы айда межені 140-қа жеткізуді жоспарлайды.
Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Бала қауіпсіздігі: өгей әкемен тұратын балалардың жағдайы қалай