Балалардың денсаулығын қорғау және қашықтан оқыту сапасы мәселелері қаралды
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров қала мектептерінің директорларымен онлайн-кеңес өткізді. Кеңес жұмысына қалалық білім басқармасының басшысы Л. Жылқыбаева, цифрландыру басқармасының басшысы Б. Қоңырбаев, Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ә. Қалықова және басқалары қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кеңес барысында санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан мектеп жұмысын талдаудың нәтижелері қаралды. Бұл әлеуметтік қашықтықты және «маска» режимін сақтау, дезинфекциялық құралдардың жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз ету
– туннельдер, санитайзерлер, тепловизорлар, аяқ киімге арналған кілемшелер, бактерицидті шамдар, байланыссыз термометрия жүргізу, дезинфекциялау және желдету жүйелерінің жұмысы. Сондай-ақ, мектептердің медициналық пункттерінің жұмысы және мектептерде қолданылған маскалар мен қолғаптарды жою ережелерін сақтау мәселесі көтерілді.
Кеңесте қашықтықтан білім беру, білім беру платформаларын пайдалану, интернетке қосылу жылдамдығы, сондай-ақ мұқтаж отбасылардан шыққан оқушылар үшін тегін интернет пакеттің көлемі мәселелерін қарауға ерекше назар аударылды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Алматыда 271 мыңнан астам оқушыны қамтитын 207 мемлекеттік мектеп және 16 мыңнан астам оқушыны қамтитын қаланың 63 жекеменшік мектебі жұмыс істейді. Қаланың 205 мемлекеттік мектебі үшін оқу жылы қашықтан басталды. Көлсай және Сұлусай шағын аудандарында орналасқан екі мектепте келетін оқушылар санының аз болуына байланысты оқу штаттық режимде жүргізілуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 13 қыркүйегінен бастап 1-4 сынып оқушылары үшін ата-аналардың өтініші бойынша қала мектептерінде кезекші сыныптар ұйымдастырылды.
Бүгінгі жағдай бойынша, Алматы қаласының ТҚСҚБД мәліметтері бойынша кезекші топ оқушылары мен мұғалімдер арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру фактілері анықталған жоқ.