Елімізде жаңа оқу жылында 81 жаңа мектеп ашылады

22.08.2022 20:25

Мектепке апаруды қажет ететін балалар үшін биыл 515 мектеп автобусы сатып алынды

Ашық дереккөз

Елімізде жаңа оқу жылының қарсаңында 81 жаңа мектеп ашылады. Бұл туралы партияның білім беру саласындағы сайлауалды уәделері қалай орындалып жатқаны жөнінде партияның баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы Жұлдыз Сүлейменова партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2022 жылы 214,5 мың орындық 225 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланғанын хабарлады.

«138 мектеп мақсатты құрылыс есебінен салынады. Қалған 61 мектеп – жеке инвестиция есебінен тұрғызылады. Жаңа оқу жылының қарсаңында 37 мыңға жуық орынға негізделген 81 жаңа мектеп ашылуға дайын болуы тиіс. Әкімдіктер ұсынған мәліметке және жеке инвесторлармен алдын ала жасалған шарттарға сәйкес, биыл қыркүйек айында 41 мемлекеттік және 40 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр», – деп хабарлады Мәжіліс депутаты.

Былтыр партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында 160 мыңнан астам оқушыға арналған 277 жаңа мектеп ашылды.

Сонымен қатар, партия шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы мектептерді жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Депутаттың айтуынша, сайлауалды бағдарламаны орындау аясында жыл сайын 1000-ға жуық мектептің жағдайын жақсарту жоспарланған.

Айта кету керек, жаңа оқу жылында 3,6 млн бала мен 384 мың педагогты қамтитын 7700-ге жуық мектеп ашылады. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова партия алаңында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.  

«1 қыркүйекке дейін 213 мектептің жөндеу жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Алайда, 12 өңірде, әсіресе Батыс Қазақстан облысында – 12, Алматы облысында – 5, Түркістан облысында – 4, Жетісу облысында – 4, Атырау облысында – 3 мектептің күрделі жөндеу жұмысы мерзімінен кешігуі мүмкін. Осыған байланысты, әкімдіктер 48 мектепте оқу жұмысын ұйымдастыру мақсатында жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін сабақ өткізілетін орындарды анықтап, оқушылардың мектептегі қауіпсіздігін  қамтамасыз етуі тиіс», – деді вице-министр.

Жаңа оқу жылында ел аумағындағы 900 мыңға жуық бала бір реттік тегін тамақпен қамтамасыз етілетінін атап өткен жөн. Ал мектепке апаруды қажет ететін балалар үшін биыл 515 мектеп автобусы сатып алынды. Айта кетейік, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 500 мыңға жуық бала мектепке даярлану үшін қажет көмек алып жатыр.

Теги: оқу жылы