Елімізде аттестат мен диплом QR код арқылы беріледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Орталықтандырылған деңгейде балабақшаларда бірыңғай кезек енгізілетін болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде аттестаттар мен дипломдар QR код арқылы беріледі. Әр білімгердің жеке цифрлық профилі енгізіледі. Мектеп оқушыларына зілдей сөмке арқалаудың орнына планшет ұстау ұсынылды. Білім беруді дамытуға бағытталған бастама бүгін Үкімет отырысында таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тұжырымдамаға сәйкес, алдағы 4 жылда оқулықтар электронды форматқа ауысады. Мектептерге кезең-кезеңмен академиялық автономия беріледі. Аттестаттау жүйесі репрессивті мазмұннан диагностикалық бағытқа ауысады. Оқу саласындағы тың жаңалықты жауапты министр Асхат Аймағамбетов айтты. Бас мұғалімнің айтуынша, енді әр білімгердің, ұстаздың жеке цифрлық профилі болады. Онда мұғалімдердің еңбек жолы, ал балалардың балабақшадан бастап, мектеп бітіргенге дейінгі жеке мәліметтері жазылады. Бір сөзбен айтқанда, цифрлық ізі қалыптасады.

«Ең қажетті қызметтер толығымен толығымен eGov пен ірі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді болады. Бір сөзбен айтқанда барлық цифрлық ізі сақталып қалыптастырылады. Әр педагогтың цифрлық профилі еңгізіледі. Сәйкесінше оның аттестациясы, жұмысқа қабылдау рәсімі конкурстарға қатысуы, жетістіктері және барлық ақпарат сол жүйеге жүктеледі», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Оқу-ағарту министрі балабақшаларға бірыңғай кезек құру жоспары туралы да айтты. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, қазір облыстарда кезекке тұру үшін 44 ақпараттық жүйе қолданылады екен. Алайда, бұл тиімсіз. Министр жүйедегі қателік салдарынан кезектің қайталанатынын жасырмады. Түйткілді шешу үшін орталықтандырылған деңгейде балабақшаларда бірыңғай кезек енгізілетін болады.

«Балабақша тәрбиешілерінің жүктемесі азайып, жалақысы көбейтіледі. Тәрбиешілердің біліктілігін арттыру және аттестациялау жұмыстары ұйымдастырылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша кешенді шаралар қабылданады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Жоғары білім саласы бойынша да жаңалық бар. Енді Ұлттық Біріңғай Тестілеуге талапкердің оқу жетістіктері мен әлеуметтік жағдайын ескеретін тетіктер қосу көзделген. Грант бағасы жүйесіне дифференциация енгізу де қолданылатын болады. Бұл ретте Саясат Нұрбек білім алушыларға жеңілдетілген 2-3 пайыздық несие алу мүмкіндіктері де қарастырылғанын атап өтті.

«Білім алушыларға 2 және 3 пайыздық несие алу мүмкіндігі де жоспарланып отыр. Бұл мемлекет басшысының тікелей жолдаудағы тапсырмалары. Тығыз қоныстанған және жаңадан құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу облысының талапкерлеріне грант бөлу жалғасады», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Одан бөлек, жаңа мамандықтар атласы әзірленіп жатыр. Министрдің ақпарынша, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 100 000 мұғалім даярланады. Олардың біліктілігін арттыру 5 жылда 1 рет емес, 3 жылда бір рет жүргізілетін болады.

Камшат мухамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров