Жыл қорытындысы: 2019 жылды Алматы қаласының білім беру жүйесі үлкен жетістіктермен аяқтағалы отыр

31.12.2019 20:51

Биыл ұстаздардың жұмысы жеңілдеп, құқығы қорғалатын «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды

Ұлт сауатты болу үшін, білім сапалы болуы тиіс. Білім сапалы болу үшін бұл бағытта тыңғылықты жұмыс атқарылуы керек. Биылғы жыл еліміздің білім беру жүйесі үшін табысты және жаңалықтарға толы жыл болды. Атап айтар болсақ, ұстаздардың жұмысы жеңілдеп, құқығы қорғалатын «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Ал, келер жылдан бастап білім алушылардың шәкіртақысы 25 пайызға өсетін болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2019 жыл Алматы қаласының білім беру жүйесі үшін үлкен жетістіктермен аяқталғалы отыр. Орта білім беру жүйесі бойынша қалада барлығы 266 мектеп жұмыс істейтін болса, соның 30 пайызы жаңа үлгідегі мектептер. Одан бөлек, биылғы жылы республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары тамаша нәтиже көрсеткен.  

«Тек 2019 жылдың өзінде оқушылар 352 республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары анықталды. Тек осы 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап пәндік олимпиада, колледждер арасындағы Уорлд скилз республикалық байқауының жеңімпаздарымен Бақытжан Әбдірұлы өзі кездесіп, бағалы сыйлықтарын тапсырған болатын. Бұл оқушыларға 20 жылда да жақсы жетістіктерге жетуіне стимул болады деп ойлаймын»,  - деді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА

Әрине, кемшіліктер де жоқ емес. Соның бірі - мектептердегі оқушы орындарының тапшылығы. Бұл туралы Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңес кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Тек Алматы қаласы бойынша 30 мыңдай орын жетіспеушілігі байқалады.

«№173 мектепте бір сыныпта балалар саны 50-ге жеткенін айтты. 5 жыл ішінде бар болғаны 4200 орынды 5 жаңа мектеп салынған. Яғни жылына бір мектеп қана салынуда. Бұл қанағаттандырарлық көрсеткіш емес. Оқушылар саны өсе береді, сондықтан қажетті инфрақұрылымды қазірден қолға алу керек. Қаладағы 202 мектептің 43-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Әкімдікке осы бағытта шұғыл қимылдау қажет», - деді ҚР президенті Қасым-жомарт ТОҚАЕВ.

Алматы қаласының ұстаздар қауымы да мектептердегі орын тапшылығына, мемлекеттік балабақшалардың жетіспеушілігіне алаңдаулы.

«Біздің «Жас қанат» ықшамауданы өзі жақында ашылды, 1200 балалық. Мектебіміз жақсы, үлкен. Районымыз жақсы болғанымен, 5 этажды үйлер салынды. 47. 9 этажды  33 үй, жақында 9 этажды 87 үй салынғалы жатыр. Частный сектор тағы бар. Балаларымыз мектепке сыймай жатыр. Біздің мектепке пристройка салып беріңізші», деді тұрғындардың бірі.

«Білім саласындағы олқылықтардың орын алуы бірнеше себептермен түсіндіріледі. Ол демографиялық өсім, жоғары ішкі миграция және қаладағы бала-бақшалар мен мектептер құрылысының баяу салынуы. Мысалы биылғы жылы біз тек екі мектепті пайдалануға бердік. Сол себепті  біз алдағы 5 жылға арналған жедел кешенді жоспар құрдық. 2020 жылдан бастап 17 мектептің құрылысын бастамақпыз. Оның 5-еуі республикалық бюджеттен қаржыландырылса, 8-і мемлекеттік-жекеменшік кәсіпкерлік аясында, ал қалған 3-еуі жеке инвестициямен салынады» - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Мектепке дейінгі білім ұйымдарындағы кезек  - кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Бұл проблеманы жою үшін кешенді іс-шаралар жоспарланған.

«Алдағы 4 жылда қосымша 11 мектепке және 12 мемлекеттік балалар бақшасына жапсарлас құрылыс салынбақ. Сондай-ақ, 400 жекеменшік бөбекжай ашылатын болады. Бұл өз кезегінде алдағы 5 жылда 51 мың баланы оқу орнымен қамтып, 23 мың бүлдіршіннің бала-бақшаға орнығауына септеседі» - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Жыл бойы талқыланған «Педагог мәртебесі» туралы Заң жобасын Парламент Сенатының депутаттары мақұлдады. Енді Президент қол қойса, артық тексерістер мен қағазбастылықтан арылады. Келесі жылдан бастап жалақылары 25 пайызға көбейеді.Министр бұдан былай педагогтардың жүктемесі де азаяды, - деді.

«Жүктеме тек аудиторияда сабақ беретін жүктеме ғана емес. Ең көбі жүктеменің, зерттеулер көрсетіп отыр. Ол - әртүрлі өзіне тән емес жұмыстарды орындау. Әртүрлі есептер, керек жоқ қағазбастылық. Біз әрқашан айтамыз. Ол қағаздарды ешкім оқымайды да. Оқуға ешкімнің мұршасы келмейді. Уақыты да жоқ. Сондықтан ол қағаздарды біз не үшін талап етеміз. Ол қағаздар керек емес», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ

Алматы қаласы әкімдігі де 2020 жылы мұғалімдерге демеу болатындай қосымша іс-шаралар жоспарлап қойған. Солардың бірі - «Үздік ұстаз» конкурсы және мұғалімдерге табысталатын грант.

«Алматы қаласының өзіне тән «Үздік ұстаз» конкурсы жарияланатын болады. Бұл байқау нәтижесінде жыл аяғында ең үздік ұстазға пәтер, екінші орынға автомобиль және басқа да бағалы сыйлықтар беріледі. Одан бөлек, мұғалімдерге 10 грант тағайындалады. Әр грант 2 миллион теңгені құрайды», - деді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап білім алушылардың шәкіртақысы көтерілмек. Техникалық және кәсіптік білім беру орындары студенттерінің де шәкіртақысы 25%-ға артатын болады. Ал 2019 жылғы қыркүйек айынан бастап жұмысшы мамандықтағы 122 мың білім алушының шәкіртақысы 30%-ға ұлғайтылған.

Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы.