Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдау басталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Мемлекеттік қызметте 2 жыл жұмыс өтілі бар мамандар бағын сынай алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдау жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ел айнасы саналатын мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру әрқашан басты назарда. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында Әдеп кодексінен аттамай, жемісті қызмет атқару жолында әр қызметшінің біліктілігін арттыру қолға алынған. Жас маман Әділ Төлегенұлы 3 апталық қайта даярлау курсында білімін жетілдіріп жатыр.

– Мемлекеттік қызметкер халық арасында қалай сөйлеуі керек? Қалай өзін-өзі ұстауы керек?  Білімімді жетілдіріп жатырмын, – деді Алатау ауданы әкімі аппараты Инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің бас маманы Әділ Төлегенұлы.

Биыл академия 30 жылдығын тойлап жатыр. Білім ордасының қалалық филиалында белгілі тұлғалармен, кәсіби мамандармен жиі кездесу ұйымдастырылып, қызметкерлердің жан-жақты әрі кәсіби дамуына аса мән беріледі. Сондай-ақ мемлекеттік қызметші атануға қызығушылық танытқандар да осы жерде тестілеуден өте алады.

– Филиалда 2 түрлі оқыту әдісі бар. Ол – білікті арттыру және қайта даярлау. Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында, Астана қаласындағы орталықта магистратура және докторантура бағдарламасы бойынша оқытылады, – деді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Алматы қалалық филиалының директоры Әйгерім Әбілова

Мұнда жылына кем дегенде 10 қайта даярлау, 30-дан аса біліктілікті арттыру семинары өтеді. Ал елордада орналасқан академияда мемлекеттік қызметшілерге жоғары білімді жалғастыруға мүмкіндік береді.

– 2023 жылы өзгеріс енгізілді. Академия түлектері оқуын аяқтағаннан кейін, жоғары тұрған бос орынға ешқандай конкурссыз өтіп, жұмысын жалғастырады, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қалалық департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейдалиев.

Айта кетейік, магистратура және докторантура бағдарламарына құжат қабылдау кезеңі 26 маусымға дейін жалғасады. Мемлекеттік қызметте 2 жыл жұмыс өтілі бар, мемлекеттік органның жолдамасы және B1 деңгейінде қазақ тілін білуді растайтын сертификаты бар мамандар бағын сынай алады.

Жансая Олжабек, Әлішер Ерғалиұл, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Тасымал қызметін оңтайландыратын жаңа қосымша пайда болды

Новости партнеров