Жақсы мұғалім, мемлекеттік қызметкердің эталоны саналған академик ұлтқа қызмет етудің айрықша үлгісін көрсетті
Саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған ардақты тұлға Шәмшә Беркімбаеваны Алматы жұрты ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
80-ге толған шағында бақилық болған академик ауыл мектептерін дамытуға көп көңіл бөлген ұлағатты ұстаз еді.
«Барлық ұстаздың, қазақтың жүрегінің төрінде ерекше орын алған аяулы апамыздың дүниеден өтуі, әрине, біздің қабырғамызды қайыстырды», – деді Асхат Аймағамбетов.
Қалың көпшіліктің қабырғасын шын қайыстырған қаралы хабар қазақ білімі мен ғылымына қатар келді. Себебі, Шәмшә Көпбайқызы дарынды балаларды қолдауда, жағдай жасап, жол ашуда алдына жан салмайтын. Аталмыш салада қордаланған мәселенің ара-жігін ажыратқан ол ұлттық сананың, мемлекеттік тілдің жанашыры, қозғаушысы еді.
«Елжанды жүрегін бағалар едім. Елді сүюдің эталонын көрсетті. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда ес-ақылымызды жинай алмай жатқан кезде-ақ ол қазақ мектебі, ауыл мектебі сынды ойсырап тұрған проблемаға ден қойды», – деді педагогика ғылымдарының докторы Гүлтас Құрманбай.
Шәмшә Көпбайқызы 2002-2003 жылдары елдің Білім және ғылым министрлігін басқарды. Қазақ тілі мен мектебінің тағдырына ден қойған қайраткер бертінде ұстаз мәртебесі туралы заң қабылдау қажеттігін де алғашқылардың бірі болып жеткізді.
«Бірге көп жыл еңбек еттік. Бұл кісінің жаны таза. Отанын шынайы жүрегімен сүйетінін байқадым. Сондықтан, ісіміз де оң басты», – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов.
Жақсы мұғалім, мемлекеттік қызметкердің эталоны саналған академик ұлтқа қызмет етудің айрықша үлгісін көрсетті.