Президент Жолдауы: Келер жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көбейеді

01.09.2020 20:34

Шенеуніктердің саны қысқарады

Almaty.tv

Жер шетелдіктерге сатылмайды. Жаңадан министрлік құрылады. Келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көбейеді. Шенеуніктердің саны қысқарады. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Парламенттің 6-сессиясын ашқан Президент әлемді әбігерге салған пандемия кезінде қолдан келген көмегін аямаған дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай жағдайға бейжай қарамаған жомарт жандарға алғысын айтты. Алда әлеуметтік экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу міндеті тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесінде жүйелі өзгерістер болатынын да айтты. Білім саласына айрықша көңіл бөлінбек.

«Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айнан бастап мұғалімдердің айлығын 25 пайызға көтеру жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 трлн тенге бөлінеді», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек жолдауда ауылшаруашылық мәселесі де қаузалды. Мемлекет басшысы ауылшаруашылық саласын дамытпай бәсекеге қабылетті ел болу қиын деді. Сондықтан жерімізді экономикалық айналымға айналдыру керектігін жеткізді.  

«Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауылшаруашылығы жерлерін тоқыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.