Қазіргі таңда 22665 ғалым мен зерттеуші жұмыс істейді
Бүгін – ғылыми қызметкерлердің кәсіби мерекесі. Мемлекет басшысының қолдауымен отандық ғылым ілгерілеп келеді. Ғалымдардың жалақысы өсіп, оларды қолдау шарасы көбейген. Бөлінетін қаражаттың да көлемі артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір елімізде ғылыммен айналысатын 396 ұйым бар. 2021-2023 жылдары бұл саланы қаржыландыру шамамен 2 есеге өсті. Ал 2023-2025 жылдары ғылым бюджеті 3 жарым есеге ұлғайып, 643 миллиард теңге инвестицияланбақ. Бұл – Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпар.
«Ғылымның өзі сол Сәтбаевтың кезінде-ақ дами бастаған. Бірақ бір кезде тоқырау болды. Ал қазір ғылымды дамытуға ынта өте зор. Өйткені ғылымға көп ақша бөлініп жатыр», – деді ғылым докторы, академик Маржан Нұрпейісова.
Қазақ ғылымы дамуының негізгі қозғаушы күші – ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары. Ғалым боламын деген жастар үшін де жағдай жасалып жатыр.
«Мұнайшы ретінде айтарым, отандық компаниялар жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста. Себебі студенттер жасаған ғылыми зерттеулер бұл компанияларға қажет», – деді Республикалық тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы директорының орынбасары Төлеген Мұқанов.
«Әрине, біз еуропалық, америкалық зерттеу жұмысы мен өндірісті өзіміздікімен салыстыра алмаймыз. Десе де, қазір жоғары оқу орындарында қолжетімді технология бар. Жағдай жасалған. Бұл бізді қуантады. Бәрі осындайдан басталады», – деді телекоммуникациялық компания өкілі Нұрлан Мейірманов.
Сонымен қатар, бөлінетін грант есебінен ғалымдардың орташа жалақысы 2 есеге өсті. 2022 жылдан бастап ғылыми зерттеу институтының 700 жетекші ғалымы базалық қаржыландыру шеңберінде жалақымен қамтамасыз етілді. Бұл – тиісті ведомствоның мәліметі. Енді арнайы зерттеулермен айналысатын жетекші ғалымдар да гранттық конкурстарға қарамастан тұрақты қаржыландыруға ілікті. Бұл өзгерістер ғылымның барлық бағытына қатысты.
«Еліміздің экономикалық жағдайы шикізат көздеріне тікелей тәуелді болғандықтан, тау кен саласының ғылыми саласына жоғары деңгейде көңіл бөлінуде», – деді Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Тау-кен металлургия институты директорының орынбасары Қуандық Тілепбай.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 2022 жылдан бастап әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтіп, жетекші ғалымдардың еңбегіне ақы төлеу мәселесі шешілді. Онымен қоса, 85 ғылыми-зерттеу институты ашылып, 16 ғылыми ұйым қажет жабдықпен қамтамасыз етілді. «Жас ғалым» жобасы бойынша жыл сайын 1000 грант бөлініп отырады.
«Қазақстанда ғылым саласына мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. Оның ішінде біз сияқты жас мамандарға, атап айтқанда гранттық қаржыландыру, коммерцияландыру бағдарламасы айтарлықтай көмек дер едім», – деді Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Тау-кен металлургия институты директорының орынбасары Қуандық Тілепбай.
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, ғылым саласында қазіргі таңда 22665 ғалым мен зерттеуші жұмыс істейді. Олардың 35 пайызының ғылыми немесе академиялық дәрежесі бар. Сондай-ақ ғылымға қызығушылығы бар азаматтар магистратура мен докторантурада білімін шыңдап, шет мемлекеттерде тағылымдамадан өтуі үшін арнайы грант бөлінген.
Гүлмарал Изатқызы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы