Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жасұлан» мектебі колледж болмақ. Балаларды әскери бағытқа бейімдеп, арнайы тәртіпке үйреткен оқу ордасының өзгеруіне ата-аналар қарсылық танытты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Үнімізді еститін мекеме қайда?» деген көпшілік 1 жылда әскери өмірге еті үйренген балаларды қатардағы мектепке қайтара алмайтынын жеткізді. «9-сыныптан соң «Жас ұланға» түсу жүйкені жұқартты» деген ата-аналар курсанттардың тілегін тілге тиек етіп, басшылыққа талай барған. Әзірге нақты шешім, біржақты жауап болмапты.
– Ешқандай шағым жоқ. Тек әскери тәртіпке үйренген балалардың мектепке қайта барғаны дұрыс емес деп ойлаймын, – деді ата-ана Мұратхан Ілиясов.
Биыл 163 бала 10-сыныпты бітіреді. Алда тағы бір жылдық оқу бар. Көпшілік мәселені бүгін көтергенімен, бұл хабар балалар оқуға түсерде-ақ айтылған.
– Мектептің 2024 жылы әскери колледж болатыны ескертілді. Ата-аналар қолхат жазып берген. Барлығы түсінді. Ол уақытта ешкім қарсы болған жоқ, келісті. Ал уақыт өте келе ата-аналар жақсы нәтижені көрген соң, ары қарай жалғастырғысы келеді. Дұрыс қой? Сол себептен, барлығын басшылыққа жеткіздім, – деді Б. Момышұлы атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің басшысы Нұрлыхан Ерекешев.
– Иә, өзгеріс болатынын бірнеше рет ескерткен. Бірақ бізге дейін де 5 жыл бойы айтылып келе жатқан әңгіме болған соң, дәл қазір колледжге ауыса қоймайды-ау деп ойладық. Бұл мектепке түсудің өзі оңай болмады, енді екі ортада қайда барамыз? Әскери оқу орнында оқимын деген балаларға осы мектепті бітіріп шығу тиімді, – деді ата-ана Татьяна Ким.
Ескерту ертеден-ақ жасалды, бірақ оқу орны неге бала қабылдауды тоқтатпағаны белгісіз?
– Балам «Бауыржан Момышұлы атындағы мектепке түсемін, әскери қызметкер боламын» деп армандады. Қорғаныс министрілігінен балалардың оқуды аяқтауына мүмкіндік беруін өтініп отырмыз. Ананың тілегін еститін шығар, – деді ата-ана Күлән Сердешқызы.
Ана жүрегіндегі тілекті елдің Қорғаныс министрлігіне сұрау ғып жолдадық. Жауапты ведомство бұл процесстің 2030 жылға арналған концепция аясында іске асып жатқанын жеткізді. Ал аталған оқу ордасына қатысты шешім мынадай:
– Алматы және Қарағандыда республикалық мектепте оқушыларға оқып жатыр. Биыл Шымкент қаласындағы республикалық мектепті колледжге ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал Алматы мен Қарағандыда мектеп оқушыларына 11-сыныпты аяқтауға мүмкіндік береміз, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаменті басшысының орынбасары Талғат Қалишев.
Отан қорғауды парыз еткен 163 оқушы орта жолдан қағылмай, оқуды аяқтауға мүмкіндік алды. Ал концепция аясында мектептен колледжге ауысуды республикадағы үш мектептің біреуі ғана биыл жүзеге асырады.
Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Инженерлік әскерде көшпелі казарма ашылды