Жақсының аты өшпейді: Тұрсын Мырзабекқызының құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Almaty.tv.
Almaty.tv.
Ол – оқу-ағарту саласында ұстаздық еткен білікті маман.
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш ректор Тұрсын Мырзабекқызының құрметіне мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, оқу-ағарту саласында ұстаздық еткен білікті маман. Ол – 1945 жылы ашылғанына бір жыл болған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына директорлық қызметке тағайындалып, оқытушы құрамға көңіл бөлген қайраткер. Мұхтар Әуезов, Төлеген Тәжібаев, Әлкей Марғұлан секілді қазақтың ұлы жазушыларын шақырып, студенттердің білім алуына толық мүмкіндік жасады. Мемориалдық тақта 14 жылдан астам ректорлық қызмет атқарған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне қойылды. Салтанатты іс-шараға қызметтес болған әріптестері, қоғам қайраткерлері және жақындары келді.

– Бүгін – отбасымыз бен университет үшін айтулы күн. Ол – кеңестік кезде жоғары оқу орнын басқарған жалғыз әйел. Анам басшы болған уақытта студенттерге білім беріп қана қоймай, қыздар қауымының тәрбиесімен де айналысатын. Олардың киім-киісі мен жүріс-тұрысына да аса мән беретін. Қазір үш қызы да ғылым жолын қуды. Әрқайсымыз әр саланың білікті маманына айналдық. Мен оны мақтанышпен айта аламын, – деді Т. Мырзабекованың қызы Элеонора Сейтмұратова.

Еңбек жолын қарапайым тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастаған Тұрсын Мырзабекқызы түрлі білім беру мекемесінде меңгеруші, жетекші болып қызмет еткен. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің кітапханасын ұйымдастыруда зор еңбек етті. Институтта дене тәрбиесі, ән-би сабағы жүргізіле бастады. Нәтижесінде студенттер республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыста жүлделі орынды иеленді. Жиында профессордың ғылым жолындағы жетістіктері айтылды.

– Тұрсын апай университетті 14 жыл басқарған. Сол кездегі істеген еңбегі ұшан-теңіз. Күні-түні тыным таппай, құрылыс жұмыстарын, жатаханадағы, асханадағы жағдайды тексеріп жүретін. Қыздар тұрып жатқан жатақхананың көбі Тұрсын Мырзабекова апайдың кезінде салынған, – деді тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғайникен Бибатырова.

Оқи отырыңыз: Мұраға қалған мектеп: Сарыбұлақ ауылындағы оқушылар жатақханада оқуға мәжбүр

Новости партнеров