Алматыда жылдың үздік ұстазы анықталды

27.11.2020 20:41

«Қазақстан мұғалімі – 2020» ұлттық сыйлығының марапаттау рәсімі салтанатты түрде аталып өтті

Алматыда жылдың үздік ұстазы анықталды. Осымен екінші рет өткізіліп отырған республикалық «Қазақстан мұғалімі – 2020» ұлттық сыйлығының марапаттау рәсімі салтанатты түрде аталып өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жеңімпаз жүзден жүйрік шыққан, финалдық кезеңге өткен он лауреаттың ішінен анықталды. Жылдың үздік ұстазы 4 млн теңге қаржылай жүлдеге ие болды. Енді ол әлем мұғалімі байқауына қатысады.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған ондықтың арасынан астаналық Динара Бейсембаева үздік шықты. Ол Назарбаев зияткерлік мектебінде химия пәнінен сабақ береді. Ғылыми мақалалар мен басылымдардың авторы. Ол дарынды балалардың білім алу қажеттіліктеріне арналған жоба ойлап тапқан. Бүгінде шәкірттері ғылыми сайыстардың және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанып үлгерген. Енді ол алдағы жылы өтетін «Әлем мұғалімі» байқауына жолдама алды. Халықаралық конкурстың жүлде қоры 1 млн АҚШ долларын құрайды.

«Мен үшін бүгінгі күн өте қуанышты. Бұл премия әр мұғалім маңызды деп ойлаймын. Бұл конкурс шынымен де мұғалімдердің тәжірбиесі мен құндылықтарымен танысуға мүмкіндік береді. Бүкіл мұғалімдерге шын жүректен зор денсаулық ашық аспан тілеймін және шығармашылық табыс», – деді  «Қазақстан мұғалімі - 2020» ұлттық сыйлығының жеңімпазы (Нұр-Сұлтан) Динара Бейсембаева.

«Қазақстан мұғалімі-2020» ұлттық сыйлығына 300-ден астам үміткер қатысқан. Олардың арасынан үздік шыққан 10 педагог финалдық кезеңге өтті. Үздік ұстазды анықтаудағы негізі талап – мұғалімнің қоғамдық маңызы бар әлеуметтік істерге қатысуы назарға алынды. Олардың еңбектерін тәуелсіз сарапшылардан құралған педагогиканың жетекші мамандары, қоғам қайраткерлері және ата-аналар қауымдастығының өкілдері бағалады.  

«Қазақстан мұғалімі жобасы үлкен «Әлем мұғалімі» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Қазақстанға 2019 жылдан бастап қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының құрылтайшысы Әлия Нұрсұлтанқызының қолдауымен келген жоба. Жоба мақсаты – еліміздің мұғалімдерін әлемдік деңгейге көтеру», – деді қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының төрағасы Ермек Мәжитов.

Кештің арнайы қонағы – есімі Гиннес рекордтар кітабына енген  Муаммер Гүл болды. Оның оқушылары 2000 жылы Бүкіләлемдік математика олимпиадасында үш алтын медаль жеңіп алған. Бүгінге дейін оның жетістігін әлемдегі ешбір мұғалім қайталай алмай келеді. Елімізде мұндай ұлттық сыйлықты өткізу дәстүрге айналмақ.