Келер жылы 11 мектепке 50 автобус сатып алу жоспарланып отыр
Алматыда 205 мемлекеттік мектепте, 8 интернатта және 193 мемлекеттік балабақшада 2023 жылдың соңына дейін қауіпсіздік жүйесі енгізіледі. Бұл туралы білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде әкім Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
– Балалардың қауіпсіздігі – балаларды қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Сондықтан бұл жоба жалпы құны 7,6 млрд теңге болатын үш жылдық сервистік модель аясында қаржыландырылады, – деді ол.
Сондай-ақ ол Алматыда алғаш рет 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 30 мектепте "Мектеп автобусы" жобасы іске асырылатынын атап өтті. Жергілікті бюджет есебінен 100 автобус 5,2 млрд теңгеге сатып алынып, тасымалдау қызметтеріне 1,4 млрд теңге бөлінді.
– 2023 жылы жалпы қамту 7,7 мыңнан астам баланы құрайды. Біз бұл жобаны кеңейтуді жоспарлап отырмыз, келер жылға 11 мектепке тағы 50 автобус сатып алуды жоспарлаудамыз, – деді қала басшысы.