Ұстаз «New generation» цифрлық білім беру технологиясын құрастырған
«Алматының жыл мұғалімі» байқауының Гран-при иегері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Нұржігіт Аманов қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолынан екі бөлмелі пәтер кілтін алды. Ол қала бойынша іріктеліп алынған 31 ұстаздың ішінен үздік шыққан.
Нұржігіт Аманов 1989 жылы Өзбекстан республикасында туған. Қазақстанға 5-сынып оқып жүргенде қоныс аударып, 2008-2012 жыл аралығында қазіргі Түркістан облысы, Мақтаралы ауданы, Жетісай қаласындағы «Сырдария» университетінде білім алған. Ал Алматы қаласына 2015 жылы көшіп келген екен. Отбасында төрт ағайынды. Ағасы және екі қарындасы бар. Әкесі мамандығы бойынша есепші. Ал анасы үйде. Отбасын құрған, екі баласы бар. Almaty.tv тілшісі «Алматының жыл мұғалімімен» тілдесіп қайтты.
Нұржігіттің айтуынша, ұстаз – 45 минуттың қожасы мен иесі. Сондықтан да бар жауапкершілік ұстазда. Оның осы саланы таңдауына да себепкер болған мұғалімі.
«Ұстаз қандай болуы керек?», «Нағыз ұстаз деп кімді айтамыз?» деген түрлі сұрақтарды қойып жатамыз. Мен үшін бәрінен де АР-ҰЯТЫН биік қоятын педагог қана нағыз ұстаз болмақ. Ұстазға алдында отырған шәкіртінің болашағына қиянат жасатпай, өз ісіне ұқыптылықпен қарауға, үнемі тынымсыз ізденісте болуға итермелейтін күш – ар-ұят. Мұғалім кез келген саланы өзгерте алмайды, бірақ өзгеріс алып келетін тұлғаны тәрбиелей алады. Соның бір айқын дәлелі өзім деп білемін. Менің педагог болып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің пәнін таңдауыма да мұрындық болған ұстазым деп ойлаймын. Әлі есімде 6-сынып оқып жүргенімде, мектептің үлкен айнасын сындырып алдым. Сонда апай маған ұрыса ма деп қорқып, дірілдеп тұрғаным да, ол мені жылулығымен өзіне баурап алып, кешірім сұрауға итермеледі. Сол кезден бастап, ұстаз болып, балаларға тәлім-тәрбие беруге деген махаббаттым ашыла түсті», – дейді ол.
Қазіргі таңда Нұржігіт Аманов Алматыдағы әйгілі режиссер Сұлтанахмет Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.
«Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейде жұмыс істеймін. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрып келдім. Келіншегім дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, қазір декреттік демалыста. Қазіргі таңда 350 мың теңге жалақы аламын. Менің ойымша, енді ғана мектепке келген жас маманның біліктілігін арттырып, мектеп өміріне етене араластырып, баптай түссе, болашақта ондай жас маманнан мықты ұстаз шығады. Ал керісінше, жас мамандарға көңіл бөлінбей, мектепте өзіндік орны бар екенін сезінбей, сабағын беріп қана кететін жас маманнан болашақта өз ісіне немқұрайлы қарайтын, қандай да жұмыс болмасын тиіп-қашып істейтін маман шығады. Бабы мен сыны келіскен ұлағатты ұстазды тәрбиелеу үшін жас мамандарға көңіл бөлу керек», – дейді ол.
Ұстаз «New generation» цифрлық білім беру технологиясын құрастырған. Оның айтуынша, қазіргі заман оқушыларының білімді қабылдау қабілеті, бұрынғы кезбен салыстырғанда өзгеше. Балаларға бірден қабылдап, алатындай ерекше дүние қажет.
«Мен «New generation» – цифрлық білім беру технологиясын құрастырдым. Ол қазіргі заманға сай жазылған. Бұл оқушы мен ұстаздың білім берудегі арақатынасын жетілдіре түсетін ақпараттық технология. Қазіргі заман оқушыларының қабылдау қабілеті, бұрынғы кезбен салыстырғанда басқаша. Бұл – цифрлық білім беру технологиясы ҚҚҚ+ТТТ=Ф білім беру формуласы. «New generation» деген формулаға негізделген. «New generation» – цифрлық білім беру жобасы арқылы берілетін әрбір сабақ қызықты, қиын, құнды болу керек. Талғамын, танымын, талдай алу. Оқушының бойында осы 6 қабілет болса, онда баладан функционалдық сауаттылық қалыптасқан тұлға шығады. Қазіргі таңда осы мектепте қолданып жатырмыз. Дегенмен біз, ұстаздар, «жаңашылдық», «жаңару деген осы екен» деп, өткеннен қол үзіп кетуге болмайды. Білім берудегі жаңашылдық әлемдік стандартқа жауап бергенімен, тәрбие берудегі әдіс-тәсілдеріміз ата-бабамыз сан ғасырлар бойы қалыптастырған стандартқа сай болуы керек. Сонда ғана қазақ ұлты түрлі өркениеттер ағымында кетпей, өзіндік болмысын сақтап қалатын болады», – дейді мұғалім.
Бала кезден Абайды оқып, өзіне рухани азық алатын ұстаз. «Абай Әлемі» жобасын жасаған. Сонымен қатар мектептегі білім жоспарына да Абайдың шығармасы мен өлеңдерін енгізген. Әр сабақ сайын 5 минут Абайға тоқталады.
«Жобаның «Абай Әлемі» деп аталуының басты себебі – Абайдан бүкіл адам рухани азық алады. Мектептің басты бағыты не? Кез келген нәрсенің тәлім-тірбиелік мәні ескеріледі. Сол секілді Абай неге мән берді? Бізде соған мән бере отырып жасадық. Мысалы, мына жерде Абайдың шыққан тегіне ерекше мән беріп отырмыз. Абай өзінің 38-қара сөзінде айтады. «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылымнан. Мұның табылмақтығына себептер - әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады» дейді. Олай деуінің басты себебі, адамның ғылым, білімге деген құштарлығы тегінен келеді дегенді білдіреді. Біз сондықтан Абайдың шыққан тегіне мән бердік. Абай текті жерден шыққан. Мен әр сабағымның 5 минутын Абайға арнаймын. Жаңа айтып өткендей, «New generation» жобасына әрбір сабаққа Абайдың өлеңдерін, шығармаларын енгізіп, жоспар жасағанмын», – дейді ол.
Нұржігіт Аманов Абайдың 17-қара сөзін өмірлік ұстанымы ретінде санайды. Ұстаздың жүрегі әрқашан махаббатқа толы және жаны таза болуы керек деп есептейді. Бұл тазалық оқушыны білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, тәлім-тәрбие, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ерекше орын алады.
«Адами қасиеттердің бәрі жүректен шығады. Нағыз ұстаз бала жанын түсініп, жан азығын бере алады. Ал жан азығын беру үшін өз жаны судай таза болуы керек» , – дейді ұстаз.
Айта кетейік, «Абай Әлемі» жобасы – Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған. Аталмыш жоба бүкіл қала бойынша ең үздік деп танылып, арнайы білім басқармасының марапатына ие болған. Алматының жыл мұғалімі ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.