Атырау облысында 37 жаңа мектеп салынады

22.04.2021 20:44

Мемлекет басшысы жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін бірқатар нысанның құрылысы басталатынын айтты

2025 жылы Атырау облысында мектептердегі орын тапшылығы толық шешіледі. Бұл туралы бүгін Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Жалпы, өңірдің даму барысын және барлық мәселелердің уақтылы шешілуін өзім тікелей бақылауда ұстаймын. Менің тапсырмам бойынша Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоспардың жобасы дайындалды. Соған сәйкес 23 мың оқушыға арналған 37 жаңа мектеп салынады. Соның арқасында үш ауысымда оқыту және мектептердегі орын тапшылығы мәселесін толық шешеміз», –  деді ҚР Президенті. 

Мемлекет басшысының атап өтуінше, жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін бірқатар нысанның құрылысы басталады. 

Атап айтқанда, көпбейінді аурухана, екі емхана, психикалық денсаулық орталығы, Атырау қаласындағы онкологиялық диспансер жанынан радиологиялық корпус, сондай-ақ ауылдық жерлерде алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсететін 9 нысан бой көтереді. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оңалту орталығы салынады. Бұдан бөлек, 3,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде 25 мың атыраулық отбасы жаңа баспанаға ие болады. 

«Жалпы, Кешенді жоспардың жүзеге асырылуы өнеркәсіпті, агроөнеркәсіп кешенін, туризм саласын дамытуға, энергетика және экология саласындағы аймақта қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Оны іске асыру үшін 9 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылмақ, көбі – жеке инвестиция. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес бюджеттен 800 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу көзделіп отыр. Соның 700 миллиардқа жуығы республикалық бюджеттен қарастырылады. Мәселе – бөлінген қаражатты тиімді жұмсауда. Бұл – Үкіметтің және әкімдіктің басты жұмыстарының бірі. Үкіметке бүгінгі жиынның қорытындысы бойынша жоспарды толықтырып, 1 айдың ішінде бекітуді тапсырамын. Басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын және әл-ауқатын арттыру. Бұл жоспар біздің ұдайы бақылауымызда болады», –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.