Медеу ауданында жеке инвесторлар есебінен 357 орындық 7 балабақша ашылды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қала орталығындағы және Думан шағынауданындағы мектептерде орын тапшылығы сезіледі. Қазір 2 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. №48 мектепті жөндеу жұмысы жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Бұл ретте жоғары сыныптар 1 қыркүйектен бастап мектепке оралады. Кіші сыныптар жыл соңына дейін жақын маңдағы басқа мектептерде уақытша орналастырылады. № 131 лицейді сейсмикалық күшейту келесі жылдың тамыз айында аяқталады.
№4 мектеп ғимаратына 600 орындық қосымша құрылыс салу мәселесі пысықталуда. Бұл жерде ЖСҚ әзірлеу, құрылысты 2024 жылы аяқтай отырып, жерді сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіледі.
3 балабақшада күрделі жөндеу аяқталды. Сондай-ақ, жеке инвесторлар есебінен 357 орындық 7 балабақша ашылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға көп. Жыл соңына дейін 200 орынды тағы 5 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарлануда», – деді қала әкімі.