Жаңа білім беру хабы: Орталық Азия университеттерінің ректорлары Алматыда бас қосты

09.06.2023 20:51

Оған Өзбекстан, Америка, Словения және көршілес Қырғызстаннан білім беру саласының өкілдері келді

Almaty.tv

Орталық Азия университеттерінің ректорлары Алматыда бас қосты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жоғары оқу орындарының басшыcы білім сапасын жақсартудағы кедергілерді ортаға салып, өзара пікір алмасты. Елімізде алғаш рет өткізілген кездесуде Ректорлар клубы құрылды. Мақсат – білім беру ісінде көшбасшы болудың жолдарын қарастыру.

Bas Qosu Rector’s Club Cenral Asia +. Алматыда өткен халықаралық жиын осылай аталды. Оған Өзбекстан, Америка, Словения және көршілес Қырғызстаннан білім беру саласының өкілдері келді. Олар Орталық Азия аймағында жаңа білім беру хабын құруға бекінді. Мұндай ауқымды бастаманы Алматы менеджемент университеті бірінші болып қолға алып отыр.

«Орталық Азия университеттері туралы мәлімет жоқтың қасы. Біздің университеттер туралы ақпарат әлемдік деңгейде өте аз. Біздің әлемдік білім беру саласына қосатын үлесіміз, қосарымыз бар екенін жеткізу керек. Сол үшін осындай платформалар қажет бізге», – деді Алматы Менеджмент университетінің ректоры Гүлнар Күренкеева.

Босқосуда білім беру саласының көшбасшылары өз тәжірбиесімен бөлісті. Тақырып – ортақ. Студенттерді сапалы біліммен қамту. Сарапшылар әлемдік әдістемеден үйренеріміз көп дейді. Бүгінгі диалог алаңын құруда да сол дамыған мемлекеттердің тәжірибесі қолданылыпты.

«Мәселен АҚШ-тың Ivy League деген мықты университеттерінің консорциумі бар. Сол сияқты Европаның университеттерінде өзінің бірлестігі бар. Сол сияқты біз Орталық Азия университтерінің бірлестігін құрып, бір-бірімізбен тығыз жұмыс жасау үшін осы бастаманы көтеріп отырмыз», – дейді Алматы Менеджмент университетінің академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арын.

Алматы менеджмент университеті өз студенттерін тек оқытып қана қоймай, олардың тұлғалық дамуына да ден қоя бастаған. Биыл жаңа оқу жылынан бастап 1-курс студенттері үшін жаңа оқыту бағдарламасы дайындалған. Ол Абай Құнанбаевтың рухани іліміне негізделіпті. Жоба адамзат баласының кемелденуіне, дамуына, тұлғалық өсуіне үндейді.  

«Бұл «Толық адам» концепциясының негізгі мақсаты – студенттерге көп оқуды үйрету. Студенттеріміз күніне 20-25 бет мәтінді оқиды. Оны тек қана оқымай, сыни ойлауды да қосу керек. Креативті ойлауды да қосу керек. Мәтінге сұрақ қою, автормен байланысқа шығу және диалогқа шығу. Соған біз шақырамыз», – деді ALMAU school of transformative humanities деканы Нұркен Әубәкір.

Ұйымдастырушылар ректордың келесі басқосуын Өзбекстанда өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша, жиынды халықаралық деңгейде жүргізіп қана қоймай, жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ ниетте.

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы