ЖОО-лар мен ғылыми институттар кадр даярлау туралы келісімге қол қойды

02.02.2022 20:53

Маңызы жоғары меморандум Президент тапсырмасын орындау барысында іске асып отыр

Almaty.tv

Білім және ғылым интеграциясы. Бүгін Алматыда қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары кадр даярлау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл білім беру саласында зерттеу нәтижелерін қолдануды күшейтеді, ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға ықпал етеді, сонымен қатар мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Маңызы жоғары меморандум ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау барысында іске асып отыр. Кеңейтілген кеңеске еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетов арнайы қатысып, білім және ғылым саласындағы оң өзгерістерді атап өтті.  

«Бізде енді жыл сайын 500 ғалым, жоғары оқу орындарының қызметкерлері әлемдегі ең үздік ғылыми зерттеу институттарына барып, бір жыл бойы тағлымдамадан өтуге мүмкіндік алып отыр. Ол тек тағлымдама ғана емес, онда оқу компоненті де бар. Бізде мәселен, зертхана немесе құрылғылар жетіспесе, үздік институттарға барып, бірге зерттеулер жүргізе алатын болады», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрінің сөзінше, соңғы екі жылда ғылымды қаржыландыру көлемі екі есе өсті. Бұған дейін сала бойынша ғылыми зерттеу гранттары үш жылға берілетін болса, биылдан бастап ол мерзім бес жылға дейін ұзартылды. Бұл академиктердің өз еңбектеріне толық зерттеу жұмыстарын жүргізуге үлкен мүмкіндік береді дейді министр. Бүгінгі бекітілген меморандум нәтижесінде енді олар тек зерттеу жұмыстарымен айналысып қана қоймай, студенттерге дәріс беріп, өз тәжірбиелерін бөліседі. Бұл болашақта әр мамандық иесі бойынша сапалы кадр даярлауға септігін тигізбек.  

«Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасында техникалық унивеситтерге, оның ішінде техникалық мамандарға аса мән беріп отыр. Біз қазіргі таңда мұнай-газ саласының майталманы саналатын И. Губкин атындағы университетпен келіссіөз жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ тау-кен саласыны4 8зд3г3 саналатын Колорадо тау-кен мектебімен келіссөз жүргізіп жатырмыз», - деді Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры Ержан Көлдеев.