Алматыда Narxoz университетінің жаңа кампусы ашылды

10.06.2022 21:12

Білім ордасында 26 ІТ-зертхана, 112 дәріс бөлмесі мен open space форматында 115 жұмыс аймағы бар

Almaty.tv

Алматыда экономикалық бағытта білім беретін әйгілі Narxoz университеті қайта жаңғырып, пайдалануға берілді. Алпыс жылдық тарихы бар оқу ордасының жаңаша кейпін көруге қала әкімі Ерболат Досаев арнайы келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Заманауи ғимаратты аралаған мегаполис басшысы кампустың техникалық базасына оң бағасын берді.



Күрделі жөндеуге жабылып, қайта ашылған Нархоз университетінің бүгінгі бейнесі осы. Ғимаратты жаңғырту жұмыстары былтыр басталған. Араға 11 ай салып нысанның 30 мың шаршы метрі түгел түрленді. Жаңарған оқу ордасының салтанатты ашылуы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қатысуымен өтті. 

1963 жылы негізі қаланған университет сұр, ескірген ғимараттан табиғи жарыққа толы заманауи кеңістікке айналған. Мегаполис басшысы соңғы үлгідегі зертханалармен, тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханамен, университеттің техникалық базасымен танысты.



«Ғимарат негізі 1978 жылы салынған. Содан бері университетте бұндай күрделі құрылыс жүрген емес. Сондықтан инвесторлар оқуға ыңғайлы болатын дүниенің бәрін жасауға тырысты. Енді студенттер мен ұстаздар білім алуға келіп қана қоймайды, осы жерде бос уақытын тиімді өткізе алады. Олар үшін бар жағдайды жасадық», – деді Narxoz университетінің президенті Мирас Дәуленов.


Жалпы нысанда барлығы 26-дан астам ІТ-зертхана, 112 дәріс бөлмесі мен open space форматында 115 жұмыс аймағы бар. Нысан дизайнына ерекше көңіл бөлінгені көрініп-ақ тұр. Ұлы тұлғалардың портреті бейнеленген қабырғалар бөлмелерді айрықша айшықтайды.  



Университет ішіндегі кітапханада телефонмен сөйлесетін арнайы кабиналар орнатылыпты. Кітапханаларда қатты дыбыс шығарып сөйлесуге болмайды. Сондықтан дәл осындай орын еркін сөйлеуге таптырмайтын жер. Сонымен қатар мұнда телефонды да қуаттап алуға болады. Жалпы кітапхана жеті күн бойы 24 сағат жұмыс істейді.

 Құрылыс кезінде экологиялық технологиялар мен материалдар қолданылған екен. Энергия үнемдейтін шамдар да орнатылған. 30 мыңнан астам жасыл желек отырғызылыпты. Ал кіреберісте ғимаратпен таласып өсіп тұрған талшын ағашы білім ордасының символына айналған.


Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы