Елдегі мектептердің қанша пайызында "Дабыл түймелері" орнатылғаны белгілі болды

29.06.2021 20:55

Қазақстанда бейнебақылау жүйелері және жедел басқару орталықтарымен біріктірілген 1085 мектеп бар

Фото: kazbilim.kz

Мектептердің 100 пайызы бейнебақылау жүйелерімен жабдықталғанымен, олардың 45 пайызы бекітілген стандарттарға сәйкес келмейді. Бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрі білім беру орындарында балардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде орын алып отырған олқылықтар туралы айтты. Ерлан Тұрғынбаевтің сөзінше, мұндай бұзушылықтардың басым бөлігі Қарағанды облысында анықталған. Онда 505 мектептің 84%-ы тиісті бейне жүйелермен жабдықталмаған. Осы сынды мәселе Түркістан облысында да бар. Мұнда 889 мектептің 69,7%-ы бейнебақылау жүйесінің техникалық параметрлеріне сәйкес келмейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бейнебақылау жүйелері барлық жерде жедел басқару орталықтарымен біріктірілмеген. Бүгінде оларға тек 1085 мектеп қосылған. Жергілікті жерлерде мектептерді шұғыл дыбыстық және сигналдық хабарлау жүйелерімен жарақтандыру мәселелері де шешілмеген. Олар әр үшінші мектепте ғана бар. Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарындағы мектептер сигнал беру жүйелерімен жабдықталмаған. «Дабыл түймелері» Қазақстандағы бүкіл мектептің 9%-да ғана орнатылған. Турникеттермен және кіруді бақылау, басқару жүйелерімен  жарақтандыруда мәселелер бар. Мұндай құрылғымен тек 5% ғана жабдықталған», ‒ деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кейбір облыстардың әкімдіктері жеткіліксіз қаражат қарастырып отырғанын айтады.

«Түркістан, Атырау, Жамбыл облыстарында қаражат жеткіліксіз деңгейде қарастырылған. Жергілікті әкімдіктерге тиісті қаражат бөлулерін сұраймыз. Білім беру ұйымдарында дабыл түймелерін орнату жұмыстары жүзеге асуда. Бүгінгі таңда олардың саны ‒ 648. Тек Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында бұл мәселе толығымен шешілді. Проблеманы шешу үшін жергілікті бюджеттен 980 млн теңге сомасында қаражат көзделген. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Түркістан, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында қаражат толық қарастырылмаған», ‒ деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.