Президенттің күзет қызметі 285 жас сарбазбен толықты

27.05.2019 21:47

Бұл қызметке тек бойы 180 сантимтерден биік, денсаулығы мықты әрі үздік сарбаздар ғана алынады

Осыдан бір ай бұрын ғана әскер қатарына шақырылған жас сарбаздар  командирлері мен туыстарының алдында қоян-қолтық айқас пен қаруды қаншалықты деңгейде меңгергендерін көрсетіп, Отан алдындағы борышын адал өтеуге салтанатты түрде ант берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жас сарбаздар бұдан былай Мемлекет басшысынан бөлек, маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік эталондарды күзетеді. Сондай-ақ мемлекеттік-протоколдық іс-шаралар мен Президенттің қатысуымен өтетін барлық жауапты шаралар осы жігіттердің мойнына жүктеледі.

«Сарбаздардың қатарында менің де немерем бар. Мен оның Отан үшін, ел үшін адал қызмет еткенін тілеймін. Бүгін мен жас сарбаздардың көрсеткен неше түрлі әдіс-қимылдарын көріп, риза болдым. Елімізді қорғайтын азаматтарымыз бар екен ғой деп сүйсіндім», – дейді Айтқазы  МҰХАМЕДЖАНОВ.  

Отан алдындағы конституциялық борышын өтеуге қабылданатын сарбаздар қатаң іріктеуден өтеді. Ерекше әскери жоралғыға тек бойы 180 сантимтерден жоғары, денсаулығы мықты әрі оқу мен жұмыс орындарында үздік атанған азаматтар ғана алынады.

«Өз басым осы мемлекеттік полкте әскери борышымды өтеп жүргеніме өте қуаныштымын. Тіпті мұны мақтан тұтамын десем де болады. Бүгін Ккомандирлерімнің, туыстарымның, қарулас достарымның алдында әскери ант қабылдап, көңілім толқып тұр», – дейді жас сарбаздардың бірі Нұрберген АҚЖІГІТ.