Ұлы түркітанушы ғалым Әбдуәли Қайдари дүние салды

Ұлы түркітанушы ғалым Әбдуәли Қайдари дүние салды
Қазақ тілін латын қарпіне көшіру бастамасын алғаш көтергендердің бірін жерлеу рәсімі жұма күні өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ халқы қара жамылды. Ана тілінің абызы атанған көрнекті академик, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдуәли Қайдари 95 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Белгілі ғалым жарты ғасырдан астам уақытын тілді зерттеуге арнаған. Том-том еңбек жазған марқұм Әбдуәли Туғанбайұлы 90 жасына дейін бел жазбай, Тіл білімі институтында қызмет атқарған. Қаралы хабарды естіп, қабырғасы қайысқан шәкірттері естеліктерін айтты.  

«Мен профессордың да баласы емеспін. Академиктің де баласы емеспін. Ауыл шаруашылығында қызмет істеген азаматтың баласымын!», – деген еді көзі тірісінде ғалымның өзі.

Қарапайым отбасында туған Әбдуәли Қайдари бала кезінен алғыр, білімге құштар болыпты. Мектепке бару үшін күніне 3 шақырым жолды жаяу жүрген. 16 жасында әскерге өзі еркімен аттаған ол Ұлы Отан Соғысына қатысқан. Аман-есен келген соң тіл білімін зерттеуге ден қояды. Аспиранттан академикке, кіші ғылыми қызметкерден институт директорына дейін өскен. Ғалым 500-ге жуық ірілі-ұсақты зерттеу, 60-тан астам монография, жинақ сөздік жазған. Бастысы, профессор алғашқылардың бірі болып латын қарпіне көшуді ұсынған еді. Осылайша, ол қазақтың басын біріктіруді көксеген.

«Ол кісінің ойы, санасы әрқашан ана тілінің тағдырымен байланысты болатын. Ол кісі инемен құдық қазғандай еңбектене білген нағыз ғалым еді. Қасында мына 40 жылдан аса шәкірті болып жүргенде ол кісіден ұшан-теңіз білімге қанып, көп нәрсені үйрендік», – дейді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты лексикология бөлімінің бас ғылыми қызметкері Жамал МАНКЕЕВА.

Жеткен жетістігін жіпке тізсе, деректі фильмге арқау болатын, қазақ тілі білімінің көрнекті маманы Әбдуәли Қайдари – өз түйгенін өзгеге үйретуге жалықпаған маман. Ғалым 13 доктор мен 66 кандидатты даярлаған. Профессордың ғылымды дамыту, маман даярлаудағы еңбегі жоғары бағаланып, кеудесіне 12-ден астам медаль таққан. Одан бөлек, «Халық достығы», «Отан» және «Ана тілінің айбары» деген алтын белгілермен марапатталған. Былтыр желтоқсан айында Әбдуәли Қайдари атындағы кабинет ашыпты. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген шәкірттері ұстаздарының атын өшірмеуге тырысамыз деп отыр.

«Біраз кітап жаздым. Бірақ енді барлығын жазып болған соң, сендермен қоштасатын уақыт та келер деп ойлаймын», – деп еді Әбекең...

Соңғы сұхбатында жазары таусылмаған академик өмірінің соңына дейін қаламын тастамай, елі үшін адал еңбек еткенін айтқан. Тіпті, жасының ұлғайғанына қарамастан әлі де шығармашылық шабыты қайтып, ғылымның биік тұғырынан түскен емес. Айта кетейік, ғалымның жаназасы 1 наурыз күні таңғы сағат 9-да үйінде шығарылса, ал сағат 10-да Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында профессормен қоштасу рәсімі өтеді.

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы  




Новости партнеров