Алматыда оқушылар мен студенттер қашықтан оқу форматына көшеді

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс кестесіне көшті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда оқушылар мен студенттер қашықтан оқу форматына көшеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Білім басқармасы ауа-райының қолайсыздығына байланысты осындай байламға келген. Бұл шешім мектеп оқушылары мен колледждің 1 және 2 курс студенттеріне қатысты. Синоптиктер алдағы күндері мегаполисте қатты аяз болады деп болжайды. Кеше түнде жауа бастаған ақ ұлпаның толастамай тұрғанына тәуліктен асты.

Алматыда түнде жауған қардың қалыңдығы тау бөктерінде 25 см болса, қала ішінде 15 см-ге дейін жеткен. Тиісінше қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Сондай-ақ соңғы екі күнде қала көшелері мен тротураларға 3300 тонна болатын тұз бен құм секілді инертті материалдар себілді.  

«Қала көшелері мен тротуарларды тазалау жұмыстары көбінде түнгі мезгілде жұмыс істейді. Себебі түнде көлік көп болмайды, адамның аяқ-аласы да аз. Біз қоғамдық көлік жүретін жолдар мен тротуарларды және аялдамаларды қардан тазартуға аса мән беріп жатырмыз. Техникамыз бар, жұмысшыларымыз бар, бәріміз жұмыс істеп жатырмыз», – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Александр Сергеев.

Қаланың коммуналдық қызметі осы жылы қыс мезгіліне дайындықты әдеттегіден ерте бастаған. Мәселен, былтыр қыста 45 мың текше метр ақ ұлпа шығарылса, биыл жыл басталғалы небәрі 11 күнде 64 мыңнан астам текше метр қар шығарылыпты.

Күн райы бұзылса, қаладағы коммуналдық қызметкерлердің жұмысы екі еселенетіні белгілі. Қазір мегаполсите осындай 1000-нан астам техника мен 1400 адам тынбай еңбек етіп жатыр. Бұл ретте көше тазалаушылардың жұмысы, еңбегі ерен.  

Қыстық көзі қырауда күні-түні аяқтарынан тік тұрып, еңбек етіп жатқан жұмысшыларға Алматы қалалық «AMANAT» партиясының жастары көмегін аянып қалмады. Кәсіпкерлердің қолдауымен 300 көше тазалаушы мен көлік жүргізушілеріне ыстық тамақ пен шәй таратты.

«Мына коммуналдық қызметкерлер түнімен ұйықтаған жоқ. Қазір де түкі асын ішеді де тағы жұмысқа кетеді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дейді ғой қазақ. Қолымыздан келгенше ыстық тамақ берсек те көмегіміз тисін. Біріншіден, Алланың разылығы үшін. Екіншіден халық риза болсын! Қолайсыз ауа-райынан тек Алматыда ғана емес, бүкіл елімізде аумағында осындай жаңдай болып жатыр», – деп хабарлайды кәсіпкер Мұхтар Зүлеев

«9 қаңтардан қар жауа бастағалы жұмыстамыз. Күні-түні істеп жатырмыз. Халық үшін қызмет жасаймыз. Техника бәрі бар, жұмыс істеп тұр», – деді жұмысшы Мұрат Бахадыров

Синоптиктердің болжамына сай, Алматыда ертең де қар жауып, қатты аяз болады. Сынап бағанасы түнде -25, күндіз -15-ке дейін төмендейді.

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров