Ол мектептердегі орындардың саны 300-ден басталып 2500-ге дейін жетеді
Жайлы мектептердің интерьері, дизайны мен сәулетін жобалағанда ұлттық нақышта бірқатар элементтің болуы талап етіледі. Бұл туралы Samruk-Kazyna Construction АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептерде ұлттық нақыш болады. Мердігер компанияларға мұндай шартты біз қойып отырмыз. Мектептің интерьері, дизайны мен сәулетін жобалағанда ұлттық нақышта бірқатар элементтің болуы талап етіледі. Сонымен қатар, жайлы мектептерді салуға отандық үздік инженерлер, сәулетшілер мен дизайнерлерді тарту жоспарда. Заманауи технологиялар қолданылады. Жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу ашық конкурс негізінде өтеді», – деді Мәулен Айманбетов «Жайлы мектеп» жобасын іске асыруды талқылау барысында.
Сондай-ақ, жайлы мектептерде ерекше балаларға толық жағдай жасалмақ.
«Еліміздегі мектептердің дені кеңес заманында салынған, көпшілігі ерекше балалар үшін қолайсыз. Жайлы мектептерде барлық оқушының қажеттіліктері ескеріледі, яғни кедергісіз, ыңғайлы кеңістік және пандус, лифт, дәретхана болады. Сонымен қатар, әр мектепте инклюзивті білім беру кабинеті болуы керек. Мұның бәрі балаларды қоғамға жақсырақ бейімделуіне қажет алғышарттармен қамтамасыз етеді», – дейді ол.
Айта кетсек, 2025 жылға қарай ел аумағында 842 мың орындық 401 жайлы мектеп ашу жоспарланып отыр. Ол мектептердегі орындардың саны 300-ден басталып 2500-ге дейін жетеді.