|
28.04.2022 | 18:18
4600

Қазақстандағы зертханалар шет мемлекеттің бақылауында емес – Ақылбек Күрішбаев

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният биологиялық зертхана мамандарының жалақысы екі есе көтерілетінін айтты

Қазақстандағы зертханалар шет мемлекеттің бақылауында емес  – Ақылбек Күрішбаев стоп-кадр

«Қазақстандағы зертханалар шет мемлекеттің бақылауында әскери-биологиялық қызметпен айналысуы мүмкін» деген сөз ақылға сыймайды Бүгін Сенатта депутат Ақылбек Күрішбаев осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айтуынша, зертханалардың барлығы Қазақстанның иелегіне жатады және толығымен республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Сондай-ақ, шетелдік гранттарды алмайды. Сенатта қаралған «ҚР биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын депутаттар бірауыздан қабылдады. Ал, заң бойынша биологиялық қауіпсіздік шараларына 25,5 миллиард теңге бөлінеді. Осы ретте, сенат кулуарында депутат Ақылбек Күрішбаев шетелдік саясаткерлер таратқан қауесетке жауап берді.

«Президент  БҰҰ-на ұсыныстарын беріп жатыр. Заңда да 4-тарау бар. Қазақстанда биологиялық зертханаларда ешқандай биологиялық қару-жарақ жасалмайды. Менің айтарым, шетел саясаткерлерінің күдік тудырған мәселесі шындыққа сәйкес келмейді», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.

Ал Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният биологиялық зертхана мамандарының жалақысы екі есе көтерілетінін айтты. Сонымен қатар, медициналық оқу грантының саны 5 мыңға өспек.

«Биологиялық агенттермен, яғни микроағзалармен жұмыс істейтін зертхана мамандары 80-100 мың теңге алады. Заң бойынша биологиялық қатерлі агенттермен жұмыс істейтін бейінді мамандардың еңбекақысы екі есе артады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрі вакцина сатып алуға бюджеттен 6,7 млрд теңгені не үшін сұрағандарын түсіндірді. Сөзінше, былтырғы сұралған 6,7 млрд теңге адам папилломасына қарсы вакцина үшін керек болған. Ал, биыл да дәл сол сомаға өтініш берген. Оның 4 млрд-ы 5 бірдей ауруға қарсы егілетін екпеге керек екен.

«Әлі де пандемия біткен жоқ. Кейбір мемлекеттерде тіпті көтеріліп жатыр. Сондықтанда вакцинация, әрі ревакцинация жүргізілу керек. Бүгінгі таңда барлық жағдай жасалған. Халықты ревакцинация алуға шақырамыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Министр Қытайда омикрон жұқтыру жағдайлары көбейіп жатқанын да айтты. Егер коронавирустың жаңа түрі келсе, науқастардың саны күрт өсуі мүмкін деген болжамын да жасырмады.

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир