Мемлекет басшысы Тараз қаласындағы Студенттер үйіне барды

03.02.2023 21:08

Қасым-Жомарт Тоқаев білім аламын деген адамға мүмкіндік мол екенін айтты

Ақорда

Президент Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйінде оқу орнының оқытушылары және студенттермен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Институт ректоры Ерболат Саурықов оқу орнының маман даярлау ісіндегі жетістіктері мен алдағы даму жоспарын таныстырды. 2019 жылы бұрынғы «Тараз» қонақ үйі реконструкцияланды, қайта жасақталған жатақханада 500 студентке барлық жағдай жасалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің білім саласына айрықша мән беріп отырғанын атап өтіп, бүгінде білім аламын деген адамға мүмкіндік мол екенін айтты.

"Еліміздің болашағы – жастар. Жаңа буын, жаңа толқын өсіп келеді. Білім алу өте маңызды. Абайша айтқанда, «толық адам» дегеніміз – ойы ұшқыр, зерек, білімге құштар адам. Әр нәрседе қанағат болуы керек. Бірақ білімге келгенде, қанағат болмауы керек. Әрдайым іздену керек. Еліміздің болашақта дамып, көркейген елге айналуы, алдымен, сіздерге байланысты. Біз сіздерге сенеміз, үлкен үміт артамыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін!" – деді Мемлекет басшысы.