Нұр-Сұлтанда «Кенесары хан» атты кітаптың тұсаукесері өтті

07.06.2022 21:08

Іс-шара Кенесары Қасымұлының 220 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған

Дархан Қыдырәлі/Facebook

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Кенесары Қасымұлының 220 жылдық мерейтойына орай «Хан Кенеге тағзым» атты іс-шара өтті. Бұл туралы

«Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 


Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының қызметкерлері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, қаламгерлер Жабал Ерғалиев пен Жәди Шәкенұлы, академиктер Дихан Қамзабекұлы мен Мәмбет Қойгелді, генаралдар Абай Тасболатов пен Ержан Исақұлов, профессорлар Бүркіт Аяған, Сатай Сыздықов, Серік Негимов, жыршы Алмас Алматов, дәулескер күйшілер Жанғали Жүзбай мен Ардаби Мәуліт, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары, танымал ғалымдар, ЖОО ұстаздары мен студенттер, сондай-ақ БАҚ басшылары мен журналистер қатысты.

Келелі басқосу аясында Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген «Кенесары хан» атты кітаптың тұсаукесер, таныстыру рәсімі жасалды.

"Жинаққа Кенесары хан мен оның қасындағы Наурызбай, Саржан, Есенгелді батырлардың қаһармандығы мен ерлігі жырланған аңыз-әңгімелер, тарихи жыр-дастандардың таңдаулы үлгілері  іріктелеп топтастырылған. Аталған шығармаларда хан Кенесарының ақыл-парасаты мен бекзат болмысы, жорықтары мен жаужүрек батырларынының күрескерлік бейнесі көркем бейнеленген", - деп жазды Дархан Қыдырәлі.

Көпшілік назарына ұсынылған «Кенесары хан» кітабын М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкерлері Нұржұма Елесбай және Насихат Набиолла қолжазбадан оқып, құрастырып шығарды.