Төтенше жағдайға байланысты студенттерге жеңілдік беріле бастады

23.04.2020 04:36

Күндізгі бөлімге 25 пайыздық жеңілдік жариялады

Almaty.tv

Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірі еліміздегі төтенше жағдай мен карантинге байланысты студенттерге жеңілдік бере бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұхамеджан Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясы сырттай оқитындардың оқу ақысына 60, күндізгі бөлімге 25 пайыздық жеңілдік жариялады. Оны алу үшін 1 мамырға дейін жылдық оқудың 50 пайызын төлеп үлгеру қажет. Айта кетейік, бүгінде оқу ордасы сабақты қашықтан оқытуға көшкен. Қазір деканаттар емтиханды онлайн тапсыруға қарқынды дайындалып жатыр.

«Бұл жеңілдік студенттерге тиімді болады деп ойлаймыз. Біздің студенттер осы оқу жылында ақы төлеп, келесі жылға жеңілдік ала алады. Шартты орындаса, жеңілдік оқуға түсейін деп жатқандар мен талапкерлерге де беріледі. Олар да төлемді бірден жасағанда 25 пайыздық жеңілдік есептеледі», – деді М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясы президент-ректор міндетін атқарушы Маргарита ИМАНДОСОВА.