Алматыда оқушыларға арналған «Qabilet қызметі» жобасы басталады

21.10.2021 21:25

Қызмет тегін және 10-11 жастағы оқушылар үшін ғана қолжетімді

Almaty.tv

Алматыда «Qabilet қызметі» жобасы басталады. Аталған жоба мектеп жасындағы балалардың зияткерлік қабілеті мен қай кәсіпке икемді екенін анықтауға мүмкіндік бермек. Ол үшін оқушылар арнайы тесттен өтеді. Кейіннен тест нәтижесіне сәйкес, психолог мамандармен кеңесе алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осылайша, мамандық таңдауда екіойлы болып жүрген балалар өз бағытын айқындай алады. Қызмет тегін және 10-11 жастағы оқушылар үшін ғана қолжетімді. Ал жобаны ұйымдастырушылар алдағы уақытта мүмкіндікті кеңейтетінін айтты. Соның нәтижесінде кез келген жастағы мектеп оқушысы тесттен өте алатын болады.     

«Тестке оқушылар өз еркімен қатыса алады, ешқендай міндеттеу жоқ. Тестілеу онлайн форматта өтеді, ол ата-ана мен балаға ыңғайлап жасалған. Компьютер мен смартфон жоқ жағдай болса, өңірлердегі немесе осы Алматыдағы «Дарын» орталығына келіп тапыруына болады», – деді «Qabilet» қызметінің педагог-психологы Жайнагүл Маденова.